Кенді шаһар Кентауға биыл алғаш рет көгілдір отын келді

Қазір 20 мың отбасы табиғи газдың қызығын көріп отыр. Жергілікті билік алдағы 2 жылда қала мен оған қарасты 4 ауылдың тұрғыны толығымен көмір жағып, күл шығарудан құтылатынын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кентау – моноқалалар тізіміне енген оңтүстіктегі жалғыз қала. Кеңес дәуірінде кенді шаһар ретінде танылып, алып кәсіпорындарымен танымал болды. Тоқырау жылдарындағы қиындық Кентау қаласын айналып өтпеді. Мұнда да өндіріс орындары жабылды. Жұмыссыздық белең алды. Алайда соңғы жылдары кенді шаһар уақыт талабына сай көркейіп келеді. Қазір қаланы дамытудың бас жоспары жасалып жатыр. Кентау десе, ең алдымен көз алдыңызға биік мұнаралары бар алып өндіріс ошақтары мен кен орындары елестейтіні заңдылық. Бірақ оның барлығы естелік болып, өткен ғасырдың еншісінде қалды. Қазір Кентау жаңа бағытта, заман талабына сай дамып келе жатыр. Жаңа үйлер салынып, қала үлкейе түскен. Тоқсаншы жылдардың ортасында халық үдере көшіп, мұнда бар болғаны 40 мың ғана адам қалса, бүгінде қала тұрғындарының саны 75 мыңға жеткен. Кейіннен қосылған шағын аударға да жол төселіп, жарық шамдар орнатылуда.

Самат Анарбаев, Кентау қаласының тұрғыны:

Жарық бізге өте керек болады. Жұмыстан келген кезде қараңғы батады. Жолды көрмейміз қараңғы еді. Мына жарық келіп, көзіміз ашылып жатыр.

Жарықтан бөлек мұнда қала көшелеріне бейнебақылау камералары да орнатылған. 70 камераның 42-сі автоматтандырылған зияткерлік бейнебақылау құрылғысы. Сондай-ақ ішкі көшелер де кезең-кезеңімен жөнделуде. 

Талғат Қасымбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Биыл бізде 29 көше жоспарланған орташа жөндеуге. 19 көше келесі жылға жоспарланған. Бірақ біздің жоспар бойынша келесі жылдың жоспарын биыл орындап тастаймыз ба деген ойымыз бар. Соның барлығын орындасақ, қаладағы қанағаттанарлық жол 78-79 процентке жетеді. Қалғанын келесі жылы бітіреміз.

Айта кетейік, қалада инфрақұрылым мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Кенді шаһарға биыл алғаш рет көгілдір отын келді. 2010 жылдары қаланың тазалығына жауапты болған Мұртажан Төнтеков «сол кездегі Кентау мен қазіргі қаланы мүлде салыстыруға келмейді» дейді. 

Мұратжан Төнтеков, Кентау қаласының тұрғыны:

– Сол кезде біз тырмысып, 17-18 млн теңгеге жұмыс істейтінбіз, бүкіл қаланың тазалығын. Қазір жылуымыз бар, судан мәселе жоқ. Саябақтар салынып, қанша ағаш егілді. Біраз жұмыс орындары ашылып жатыр.

Кентау өткен ғасырда Қазақстанның машина жасау, металл өңдеу, тау-кен өнеркәсібі орталықтарының бірі болды. Мұнда аты кеңестер одағына әйгілі трансформатор, экскаватор зауыттары жұмыс істеді.

Жандос Жұмабек, тілші:

Бұл жер кеңес заманында атағы дүркіреген эксковатор шығаратын зауыт болған. Аумағы 35 гектар жерді алып жатыр. 3 мың адам жұмыс істеген. Тоқырау жылдары барлығы тоқтап, қараусыз қалған болатын. Осыдан 2 жыл бұрын Түркістан арнайы экономикалық аймағына кірді. Инвесторлар тартылып, тіршілік басталды. Жақында мұнда бетон шығаратын зауыт іске қосылды. Енді, міне, кірпіш шығаратын зауыт өз жұмысын бастағалы отыр.

Мамандардың айтуынша, зауыт маусым айының басында іске қосылады. Толық инфрақұрылыммен қамтылған. Заманауи технологиямен жабдықталған. Автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді.

Құрманғазы Мақатаев, зауыт инженері:

Жылдық қуаттылығы 45 млн керамикалық кірпіш шығарады. Күндігіне 150 мың дана кірпіш жоспарлап отырмыз. 50-60 адамға жұмыс орны ашылады. Крандардың 70-80 процентін іске қостық. Қалғанын жұмыс басталғанда қосамыз деп отырмыз.

Кентаудың ең басты жаңалығы қазір қаланың бас жоспары жасалып жатыр. Шаһар басшысының айтуынша, қаланы дамытудың жаңа жобасы жасалған. Ол бойынша инвесторлардың көмегімен «Қосқорған» су қоймасының жан-жағынан 3 жаңа аудан бой көтереді. Бұл жобалар біріншіден, тұрғындарға жайлы өмір сыйласа, екіншіден, туристерді тартуға қолайлы болмақ.

Рашид Аюпов, Кентау қаласының әкімі:

– Егер мына бір ауданды алатын болсақ, 400 гектардан тұрады. 100-ден астам көпқабатты үйлер болады. Әлемдік талапқа сай біз аулаларын кең етіп жасап жатырмыз. Оның ішінде 6 мектепті кәсіпкерлердің есебінен тұрғызсақ па дейміз.

Жалпы қазір Кентау қаласында 340 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 20-сы тәуелсіздік жылдары салынса, қалғаны өткен ғасырда тұрғызылған. Сондықтан қала әкімі ескі шаһардағы тозығы жеткен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жаңа жобамен қатары жүргізілетінін айтады.

Рашид Аюпов, Кентау қаласының әкімі:

Жаңа ауданды салу бойынша инвесторлармен кездесу жұмыстары жүріп жатыр. Оның жартысы шетелден. Биыл жұмысты бастаймыз деп отыр. Алдағы 5 жылда 2 ауданды саламыз. Біреуі 100% бітетін болса, екіншісі жартылай аяқталады. Әрі қарай сол қарқынмен жұмыс істесек, алдағы он жылда Кентау өте үлен 4 ауданы бар, дамыған, инфрақұрылым дайын қалаға айналады.

Бұдан бөлек, Кентау қаласына қарайтын 4 ауыл бар. Олардың да өзіне тән даму бағыты белгіленген. Мәселен, болашақта Ащысайда көлемді шипажай салу жоспарланса, табиғаты ғажап Хантағында демалыс орындары болмақ. Тарихи орны бар Байылдыр туризмді дамытуға қолайлы, ал Қарнақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің отаны болмақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш