Атыраудағы ана өліміне кім жауапты?

Атырауда 37 жастағы келіншек сәбиін дүниеге әкеліп ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Туыстарының айтуынша, ана өліміне дәрігердің салғырттығы себеп болған. Жалпы елде кейінгі жылдары ана өлімі дерегі көбейген. Жас аналардың жер құшып жатқанына не себеп?

Бұл сәби анасының аялы алақанын енді сезбейді, тіпті ана құшағында тербеліп үлгермеді. Гүлдана Сарыөзенова баласын бауырына басып үлгермей жатып о дүниелік болды.

Светлана Сарыөзенова, анасы:

Сап-сау қызымды өлтіріп отыр. Үш баласын да жақсы босанды, төртінші балаға келгенде осылай бола ма? Қарамайды. Перзентханаға түскенде дұрыс қарамайды. Төртінші бала десе, өзің босана аласың дейді.

Марқұм Гүлдана Сарөзенова – ата-анасының жалғыз қызы. Отбасы мүшелерінің айтуынша, босанардан бір апта бұрын дәрігерлер оның коронавирус инфекциясын жұқтырғанын айтқан. Кейін оған үйде емделуге кеңес беріпті. 17 қаңтарда толғақ қысып, модульді ауруханаға жеткізілген. Ауыр жағдайда болған пациент 18 қаңтарда қайтыс болды.

Қазір сәби үш айлық, оны нағашы ата-әжесі бағып жатыр. Денсаулығы жақсы. Бұл сәбиден бөлек, Гүлдана Сарөзенованың артында тағы үш ұл қалды.

Самалбек Бегалиев, марқұмның жолдасы:

Кешкі сағат 23:30-дың шамасында мен жолдасыма қоңырау соқтым. Қалайсың, жағдайың қалай дегенде. Ол маған жылады. Жылағанда «менің үстімнен басты, қатты қиналып кеттім, мені дәрігерлер қинады» деп айтты.

Марқұм соңғы рет жолдасымен тілдесіп, жағдайының ауыр екенін айтқан. Содан кейін есінен танып жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Туыстары қайғылы оқиғаға дәрігерлер кінәлі деп нық сеніммен айтып отыр. Ал сәби аман-сау дүниеге келген.

Светлана Сарыөзенова, анасы:

Өзі босанған, ешқандай кесарь тілігін жасамаған. Қызымды қинап, ішкі құрылысын басып езіп жіберген. Қызымның ұйқы безін жарып жіберген, талағын жарып жіберген. Ол қараусыз қалған. Қан көп кетіп қалған. Жолдасы барғанда мені қинады, қатты қинап жіберді деп айтып үлгеріпті. Қызымның өліміне сол күнгі дәрігер, медбике – барлығы жазасын алсын деймін, соларды кінәлап отырмын.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен модульді ауруханадан осы жағдайды білуге тырысқанымызбен нәтиже шықпады. 37 жастағы әйелдің өліміне қатысты Атыраудағы дәрігерлер үстінен қылмыстық іс қозғалғанын білдік. Мұны облыстық Полиция департаменті хабарлады.

Мейірім Ердәулет, облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

– Аталған факті бойынша қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Сот медициналық сараптама тағайындалған. Өзге ақпарат Қылмыстық кодестің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.

Адам денсаулығына жауапты ведомство ана өліміне дәрігердің кінәсі жоқ екенін айтады. Мамандар қайғылы жағдайдың көбеюіне бірден-бір себеп коронавирус дейді.

Шакизат Халықова ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің басшысы:

– Дәрігерлер жүкті әйелге амбулоториялық деңгейде, стационар деңгейде қарамай қойғаннан ол әйелдер қайтыс болған жоқ. Ол аурудың асқынуы салдарынан, жүктілік ауыр өту салдарынан, медицинаның шамасы жетпей қалуы себептен әйелдерді жоғалтып алдық.

Кінәліні сот анықтайды. Дәрігер жұмыстан қуылып, заң алдында жауап беруі мүмкін. Бірақ анасыз қалған сәбиді кім жұбатады?

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Арман Ақшабаев