Әлеуметтік желіде желдей ескен жалған ақпараттарға тосқауыл болмай тұр

Саяси өзгерістер алдында, не болмаса әлеуметтік мәселелерге байланысты фэйк жаңалықтар көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Соның салдарынан кейде желі пайдаланушылары ақпараттың рас-өтірігін анықтамай, алаяқтың арбауына түсіп те жатады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Stopfake.kz жоба жетекшісінің айтуынша, айына 100-ге жуық мәлімет тексеріледі. Олардың жартысынан көбі дәлел-дәйексіз ақпарат. Күдік тудыратын ақпар ғылыми түрде зерттеліп, жауапты мекемеге жолданады.

Айбек Күмісбеков, Stopfake.kz жобасының жетекшісі:

Референдумға байланысты сайтта 5 жаңалық жарияланды. Мәселен елеулі өзгеріс барысында халықтың несиелері кешіріледі деген жаңалық жаппай таралды. Бұл әрине жалған ақпарат, сол мезетте рас-өтірігін анықтап, оқырмандарға мәлімет бердік. Одан бөлек, қазір сан түрлі сайттар бар. Мысалы, белді компаниялардың атын жамылып, түрлі акциялар өткізеді. Одан кейін сайтқа тіркелушілер құпия деректерін жүктеп, арам пиғылдылардың тұзағына түсіп жатады.

Жаза қатаң болғанымен, жалған ақпарат тарататындар тиылар емес. Ал қала тұрғындары ақпардың ақ-қарасын қаншалықты ажырата алады? Жалпы жаңалықтардың рас-өтірігіне көз жеткізе ме?

– Мен жалған ақпараттарға сенбеймін. Теледидардан қандай жаңалықтар айтылады, соны тыңдап отырамын. Негізінен соған сүйенемін.

– Енді жан-жақты тексеріп, сұрастырып көреміз. Одан кейін ол шын ба, өтірік па соған көз жеткізуге тырысамыз.

– Маған ютубтан Телеарна дикторларының атын жамылып, Қазақстандықтар млн-даған қаражат ұтып алды деген бейнеролик үнемі шығады. Бұл жарнама мені қызықтырды. Оның рас-өтірігін анама айтқанымда, оның фэйк екенін, әлгі компанияның алаяқтықпен айналысатынын дәлелдеп берді. содан бері ақпарды егжей-тегжейлі тексеремін.

– Мысалы адам жақсы нәрсеге сенгісі келеді. Ондай ақпараттар адамды манипуляция жасау үшін істелінеді. Соған сенеді. Ресми ақпараттарға сену керек. адамдардың ойына не келмейді.

– Егер шындыққа жанасатын ақпарат келгеннің өзінде ғаламтор арқылы тексеріп аламын.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы төрт айда 15 қылмыстық іс тіркеліп, біреуі сотқа жолданған. Елде мұндай заң бұзу дерегі анықталған жағдайда жалған ақпарат таратқандарға 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.

Шәймерден Байтуғанов, заңгер:

Ақпаратты жинағанан кейін, дәлелденіп болған соң, оны сот шешімі арқылы айыппұл салу немесе басқа да шаралар жөнінде сот шешеді. Бас бостандықтан 3 тен 7 жылға дейін айыруы мүмкін. Қандай ақпарат таратты. ТЖ кезінде,соғыс кезінде жалған ақпарат тарататын болса, осындай қатаң шара қабылдануы мүмкін.

Сонымен қатар қылмыстық іс дәлелденген жағдайда 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Арман Ақшабаев, Еламан Мұстафа, Диас Қовланбаев, Ерлан Наурызбаев