ШҚО-да қыруар қаржы бөлінген су құбыры неге қосылмай тұр?

Шығыстағы Көкпекті ауданында қомақты қаржыға салынған құбырдан су келер түрі көрінбейді. Ескі сорғы станциясы әбден тозған. Ал жаңасын мамандар қоса алмай отыр. Өйткені орталықтандырылған су құбырына қосылуға тұрғындардың өзі де құлықсыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы «Ақ бұлақ» бағдарламасы аудандағы 8 ауылда іске асқан. Ал қалған 12 елді мекеннің халқы суды әлі күнге дейін ұңғымадан алады. Көше бойындағы құдықтардың бірі Тұрсынхан Наурызбаевтың үйінің жанына орнатылған. Жақын маңдағы көршілері суды осы жерден келіп алады. Себебі бұл ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Әсіресе қыста қиын дейді ауыл тұрғындары.

Тұрсынхан Наурызбаев, Аққала ауылының тұрғыны:

– Былтыр ма, алдыңғы жылы қаражаттары бар өздері терең насос қаздырып алды. Жеті үй ме, сегіз үй ме? Қыста боранда ғой мында. Даладан качайттайсың. Үйге качайттау керек. Енді орталықтандырылған болса, су тасымайсың.

Жансары ауылында да осы жағдай. Елді мекен тұрғындарының саны 300 адамға жетпегендіктен орталықтандырылған су жүйесінен тыс қалған.

Дамир Ордаханов, Көкпекті аудандық қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы:

– Орталықтандырылған су жүйесін барлық ауылға жеткізу мүмкін емес. Ауданда тұрғын саны 50-ге жетпейтін елді мекен бар. Мұндай ауылдарға блокты модулді станция қойылған. Суы таза. Бірақ бір ғана жерге орнатылған, арнайы келіп, алуға тура келеді.

12 ауылға блокты модульді станция қойылған. Аудандағы қалған 8 елді мекенге былтыр орталықтандырылған су жүйесі қосылған. Қосылған деген аты болмаса, тіршілік нәрі әр үйдің ауласына жетпеген. Тіпті аудан орталығының өзінде жоба толық деңгейде жұмыс істеп тұрған жоқ. Әкімдіктегілер бұған тұрғындардың өздерін кінәлайды.

Дамир Ордаханов, Көкпекті аудандық қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы:

– Дәл қазір су құбырлары бітелуге жақын. Жоғары қысыммен жұмыс істеп тұр. Сорғылар жұмыс істемейді. Су жоқ. Ауыл тұрғындары суды үйге өздері жеткізуі тиіс. Олар көшеде тұрған құдықтарғаүйреніп алған. Суды сол жерден тасып ішіп жүр. Егер ескі су құбыры істен шықса, мәселе туындауы мүмкін. Тұрғындарға шамамыз келгенше түсіндіріп, айтып жатырмыз. Әзірге құлақ асатын түрі көрінбейді.

Ал суды үйге дейін жеткізу үшін абонентке 20 мың теңгеге жуық ақша төлеу қажет. Биғаш пен Шұғылбай ауылдары да орталықтандырылған су жүйесін күтіп жүр. Жоба әзірленгенімен, қаражат қарастырылмапты. Жалпы ауданда 5 жылда 8 миллиард теңгеге 9 жоба жүзеге асырылған.

Авторлары: Азамат Қасым, Әсем Өтешова, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...