Елордалық жастар асық ату алаңын ашты

Қар кетіп, жер қарайған шақта балалар асық ойнауды бастады. Дегенмен қазір бұл үрдіс ұмытыла бастаған. Қала тұрмақ ауылдың өзінде асық ойнайтын бала табу қиын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы олқылықты ескерген елордалық жастар асық ату алаңын ашты. Асық ату ойыны кенжелеп қалды демесеңіз, кейінгі буын түбегейлі ұмытып кеткен жоқ. Сақаны шиырып, көздегенін мүлт жібермейтін атқыштар қазірде бар. Дидар Ислам сияқты жастар асық ату ойыны тек салт-дәстүрді дәріптеп қана қоймай, сонымен қатар жас буынның ой-өрісін кеңейтіп, ғаламтор желісінен алшақтайтынын айтады.

Дидар Ислам, ұйымдастырушы:

Қазіргі таңда балалар көп уақытын ғаламторда өткізеді. Дәл осы себеппен біз Асық-Ату федерациясымен біріге отырып, осындай үлкен жобаны жүзеге асырып отырмыз.

Ұйымдаструшылар асық ойнауды балаларға үйретіп, оларға жағдай жасаса, оның жаппай үрдіске айналатынына сенімді. Өйткені қалада өскен кейінгі буынның да қызығушылығы басым. Ең бастысы оларға жалықпай үйрету абзал. Сол үшін ынталы жастар бірігіп, үй ауласына асық ойнайтын алаң жасап отыр.

Қанат Спандиярұлы, Асық-Ату федерациясының өкілі:

– Қазіргі таңда асық ату ойыны Нұр-Сұлтан қаласында әрбір мектептерде дамып келеді. Енді тек мектеп қабырғасымен шектеліп қана қоймай, ашық аспан астында осындай алаңдардың болуы жастардың асық ату ойынына деген қызығушылығын одан әрі арттырады деп үміттенеміз.

Асық ату уақыт өткізу ғана емес. Мергендікке, жылдамдыққа тәрбиелейді. Дене шынықтыру үшін таптырмас құрал. Осыны ойлаған жастар балалардың басын қосып, қызығушылығын артырамыз деген ниетпен осындай алаңдарды көптеп ашпақ. 

Авторлары: Темірлан Жартыбаев, Ербол Дайыров