Бір реттік темекіге тыйым болмай тұр

Қоғам арақ, темекімен күресіп жатқанмен оның да берілгісі жоқ. Адамнан айласын асырып барады. Қазір бір реттік темекі пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қыздырылатын шылымның құрамын ешкім бақыламайды. Дәрігерлердің айтуынша, онда психоактивті заттар мен ауыр металдар болуы мүмкін. Ең сорақысы бұларды жастар ғана емес, мектеп оқушылары да кеңінен қолданатын болған.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

Қазір кез келген дүкен сөресінен самсап тұрған бір реттік осындай темекіні табуға болады. Сорақысы сол зиянды заттың иісі мүлде шықпайды. Балаңыз түзде темекі тартып жүр ме, жоқ па білмей де қалуыңыз әбден мүмкін.

Оқушылар арасында электронды темекі тартудың белең алғанын байқауға болады. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, 11-ден 15 жасқа дейінгі темекі шегетін жасөспірімдердің саны 3 есе, ал қыздар арасында 2 есе өскен. Оң солын әлі танымаған балалардың түтінге құмартуы олардың қол жетімділігімен байланысты. Қазақстанда әлі күнге дейін бір реттік вейптерге зерттеу жүргізілген жоқ. Сондай-ақ олар ешқандай сертификатсыз әкелінеді. Құрамына қатысты дәрігерлердің пікірі тіпті көңіл көншітпейді. Оларда ауыр металдардан психоактивті заттарға дейін кез келген нәрсе болуы мүмкін.

Мәншүк Жақсылықова, нарколог:

– Біріншіден, құрамында никотин бар. Темекі шегу кезінде вейптағы будың бақылаусыз ингаляциясы никотиннің ағзаға түсуін қадағалау мүмкіндігінен айырады. Әрине біз тәуелділіктің болуын жоққа шығара алмаймыз. Егер адам темекіні мөлшерлей алса, күніне көп темекі шегетінін бақылауға болады. Ал мұнда мүлде белгісіз. Сонымен қатар олардың құрамында ауыр металдар көп. Еуропа сарапшылары бір реттік темекілерде психоактивті заттар бар екендігі туралы ресми мәлімет берген.

Осы күндері вейптерді мектеп оқушылары тек дүкендерден ғана емес, әлеуметтік желілерден де тапсырыс беріп сатып ала алады. Олардың жасын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Көбінесе бір реттік темекілер Қытайдан әкелінеді. Сертификаты жоқ заттың никотин дозасын да ешкім бақыламайды.

Розалина Ермекпаева, ҚР ДСМ азық-түлік емес тауарларға арналған бақылау басқармасының жетекшісі:

– Техрегламент өнімнің қауіпсіздігін реттеуге арналған. Тыйым салуға емес. Тауарды сөрелерден алуға уәкілетті органдар бар. Өнімнің өкпеге және балаға зияны бар екені сөзсіз. Қазір тыйым салу туралы мәселе талқыланып жатыр.

Мамандар «Халық денсаулығы туралы» кодекстің 110-бабына сүйене отырып, шылымға тыйым салуға болатынын айтады. Дегенмен темекі индустриясының өкілдері мұндай шешімге қарсы. Олардың пікірінше, бұл көлеңкелі бизнесті көбейтеді. Арнайы дүкендердегі электронды темекі сататын сатушылар нарықтан мүлде кетуі мүмкін.

Жандос Сапарқұлов, кәсіпкер:

Біз қазақстандық техрегламент жобасы бір реттік темекі саудасына тыйым салмай, оларға қойылатын талаптарды ЕАЭО регламентіне сәйкес келтірсе дейміз. Өйткені ЕАЭО техрегламентін енгізгеннен кейін біз оны басшылыққа аламыз. Тыйымдар тек қағаз жүзінде жұмыс істеуі мүмкін. Мұны кальян индустриясынан көруге болады. Мұндай әрекеттер контрабанда мен контрафактіні күшейтеді.

Қазақстанда темекі өнімдерінде миллиграмм никотин ғана болуы керек. ЕАЭО техрегламенті бойынша 20 миллиграмға дейін рұқсат етіледі. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі мұндай қарама-қайшылыққа нақты жауап бере алмады. Олар әлі де электронды темекідегі никотиннің құрамын зерттеп әлек.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Жандос Битабаров