Атырауда қант саудасына шектеу қойылды

Әр тұтынушы енді 3 келіден артық сатып ала алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жағдай мұнайлы өңір тұрғындарының арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Тіпті айлаға көшіп, бір адам сауда нүктесінен бір күнде бірнеше рет қант сатып алғаны анықталған. Енді тұрғындар қантты тек шектеулі мөлшерде ғана ала алады. Министрліктің өзі тапшылық бар екенін жасырмай отыр. Осындай қысылтаяң уақытта қалтаның қамын ойлап, айлаға басқандар да бар. Бір адамның 1 күн ішінде қаладағы сауда нүктелерінің бірінен 18 рет қант сатып алғаны анықталды.

Алтынай Ерубаева, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

Біз бейнебақылау камералары арқылы тексеру жүргізгенбіз. 1 адамның супермаркетке 18 рет келіп, қант алғанын анық байқадық. Олар осы жерден арзан бағада сатып алып, кейін оны қымбатқа саудалайды.

Алып-сатарлардың айласын жүзеге асырмау үшін, енді супермаркет сөрелеріне қант белгілі бір уақытқа ғана шығарылады. Тіпті рейдтік шаралар да қолға алынбақ.

Марта Нұрболғанова, супермаркет әкімшісі:

– Шектеу қойып тұрған себебіміз, біз мынаны қазір шығаратын болсақ 100 келіні, 1 клиент төлеп, бәрін алып кеткісі келеді. Ал біз арттағы адамдарға да қалдырғымыз келеді.

Облысқа сәуір айынан бері 536 тонна қант жеткізілген. Оның 400 тоннадан астамы «Идеал Маркет» ЖШС-нде сатылып жатыр. Қалғаны өзге супермаркет желілеріне жеткізіліпті. Қант тапшылығын жою мақсатында қазір келіссіздер жүргізіліп жатыр екен.

Нұрбол Жаңабеков, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– Біз қазіргі таңда 408 тоннаға «Көксу зауыты» Алматы облысынан соған тапсырыс бердік. Қазір екі жақты шарттар жасалып жатыр. Жалпы 10 күн ішінде дейді. Бірақ біз тездетіп ол қантты әкелуге келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Шартқа қол қойылып жатыр, ақшасы төленіп жатыр. Қант тапшылығын осылай жоямыз.

Сауда және интеграция министрлігі Ресей Федерациясының қант экспортына салған тыйымының кесірінен тапшылық туып отыр дейді. Министрліктің мәліметінше, енді 31 тамызға дейін елімізге 350 мың тонна көлемінде қант жеткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллн