Аралда мүгедек балаларды оңалту орталығы салынуы мүмкін

Қызылордада мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған медицина мамандарына жүз мың теңгеден берілді.

Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы 20 өренге ақшалай сыйақыдан бөлек ойыншықтар мен тәттілер үлестірді. Түрлі ертегі кейіпкерлері балғындарды қызықты ойындарға тартып, би билетіп, ән салдырды. Жалпы Балалар жылы ерекше күтімдегі өскіндерді ерте диагностикалау мен түзету бағытында көптеген жоба қолға алынды. Соның ең ауқымдысы «Қамқорлық» оңалту орталығының ашылуы болып саналады. Жыл басынан бері нейроортопедиялық кінәраты бар 400-ден астам бала тегін сауықтыру бағдарламасынан өтті. Заманауи соңғы үлгідегі медициналық құрылғы орнатылған орталықтарды енді облыс аудандарында салу жоспарланып отыр.    

Сәбит Пазылов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұрын ондай емді алу үшін балаларды біз Нұр-Сұлтан, Алматы қаласына тасымалдауға мәжбүр болатынбыз. Қазір сол жерде 60 төсекте балаларға осы ем қолжетімді бола бастады. Мамандар даярланды. Оңалту орталықтарын мұқтаж жандарға біз санын көбейтсек па деген ойымыз бар. Биыл қаржы мәселесі шешіліп жатса, Арал қаласында саламыз деген жоспар бар.