Фильмдегі Қожаға ескерткіш қойылды

Менің атым Қожа! Иә, кәдімгі фильмдегі Қожаға ескерткіш қойылды. Бердібек Соқпақбаевтың повесі бойынша түсірілген режиссер Абдолла Қарсақбаевтың бұл туындысы осыдан 60 жылдай уақыт бұрын экранға жол тартқан. Содан бері көрерменін жалықтырмай келеді.

Фильмнің бас кейіпкері Қожаның тас мүсіні енді елордадағы «Жетісу» саябағында тұрады. Қоладан құйып, гранитпен қаптаған жаңа мүсінді Қожаның ролін сомдаған актер Нұрлан Сегізбаевтың өзі де көрді.

Нұрлан Сегізбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Бұл әрбір жас қазақстандыққа арналған мәдени дүние. Ескерткіш орнатылғанына өте қуаныштымын. Балалар Қожаның жақсы тұстарын бойына сіңіреді деп үміттенемін.