«Оян!» таңғы бағдарламасы көрерменге жол тартты

Түрлі тақырыпты қаузайтын қызықты айдарлар, жайдары жүргізушілер, белгілі тұлғалармен танымдық сұхбат және сазды әуен. Бұның барлығы Хабар арнасының «Оян!» таңғы бағдарламасында қамтылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Танымдық-ақпараттық бағдарламаның бұлай аталуы тегін емес. Жұмыс аптасының бес күнінде таңғы жетіден онға дейін тікелей эфирде таралатын хабар атауында терең мән жатыр.

Берік Уәли, «Хабар» агенттігі» АҚ басқармасының төрағасы:

Оян мотиві кезінде алаштың аяулысы Міржақып Дулатұлының қаламынан туып, күллі түркі әлемінің ортақ ұранына айналғаны баршаның мотиві болды. Ояну қазақтың білімге, өнеріне жалпы, технологияға ұмтылысының бастауы болды.

Алғашқы шығарылымнан-ақ эфирдің бойтұмарына айналған Оян есімді сүйкімді марғау көрерменнің де, студия қонақтарының көзайымына айналып үлгерді. Танымдық-ақпараттық хабар музыка, спорт, бала тәрбиесі, дұрыс тамақтану, денсаулық және поэзия тақырыбындағы тұрақты айдарларды ұсынады. 

Жайна Сламбек,  «Хабар» арнасының директоры: 

Мың сан проблемаға қарамай, ешнәрсеге қарамай, оян да сілкін! Оян да оқы. Оян да жұмыс істе. Оян да тіршілігіңді түрлендіруге, байытуға, мағыналы болуға қызмет істе деген ұран ғой. Әрине, таңертеңгі хабардың өзінің форматы бар, өзінің стилі бар, әрбір сөзіміз пәтуәлі сөз болса екен, әрбір кеңесіміз пайдалы кеңес болса екен, әрбір материалымыз ее мынау солай екен ғойц деп, жүрекке барып қона деп, сол ниеттерімізді мұрат қылып осы хабарды шығарып отырмыз.

Үш сағатқа ұласатын «Оян» хабарының тағы бір ерекше тұсы – әлеумет үшін әділдікке қол жеткізуді көздейді. Тікелей эфир кезінде көрермен студияға хабарласып, өзекті мәселесін жеткізуіне мүмкіндік жасалған. Шығармашылық ұжымымен бірге ұлттың жоғын іздеуге жол ашық, - дейді Хабар агенттігінің басқарма төрағасы. 

Берік Уәли, «Хабар» агенттігі» АҚ басқармасының төрағасы:

Міржақып атамыздың «Оян, қазағын» баршамыз жаттап өстік. Оны бесіктегі баладан, бел үстіндегі қартқа дейін біледі деп айтсақ, артық айтпаймыз. Сол себепті, Оян бағдарламасының атауы жай атау, жай бағдарлама емес. Сол себепті Хабармен бірге оянып, ұлттың жоғын бірге іздейік.

Атқан таңға ақ тілекпен оянатын әрбір жан таңғы хабардан керегін ала алады. Ол үшін бағдарламаның шығармашылық және техникалық тобы күн сайын эфирді сапалы контентпен қамтуға дайын.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт