Павлодар тұрғыны әлеуметтік көмектің бәрінен қағылған

Павлодардың іргесінде тұрған Жетекші ауылының тұрғыны әлеуметтік көмектен мақұрым қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүйке жүйесі сыр берген алпыс төрт жастағы Галина Слободняктың ауыр тағдыры жайында бірінші болып волонтерлар дабыл қақты. Осыдан кейін аталған мекенжайға Павлодар қалалық тұрғындарды әлеуметтік қорғау бөлімінің қызметкерлері, терапевт -дәрігер, учаскелік полиция инспекторы барып оқиғаның мән-жайын анықтады.  Ашқұрсақ әйел ішкілікке салынған қырық жастағы ұлымен бірге тұрады екен. Баласының айтуынша, ол ешкімді танымайды. Былтыр күзде үш ай бойы психикалық денсаулық орталығында емделіп шығыпты. Жағдайы өте ауыр. Зейнетақы немесе мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алмайды. Осы күнге дейін қызыл паспортпен өмір сүріп келген. Мамандар оның тіпті Қазақстан азаматы екеніне де күмәнмен қарап отыр. Галина Слободняк қазір әлеуметтік емдеу мекемесіне уақытша орналастырылды.

Әлия Рахимова, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

Ол 1958 жылы туған. Зейнет жасына келген адам. Біз алдымен оның азаматтығын тексереміз. Одан кейін барлық құжаттарын әзірлеп, зейнетақы рәсімдеуіміз керек. Медициналық тексеру тағайындалады. Егер өздігінен жүре алмайтын болса, мүгедектікке өткіземіз. Жүйке жүйесінде ауытқушылығы бар болса, мүгедектік алғаннан кейін тұрақты түрде өмір сүруі үшін психоневрологиялық орталыққа орналастыратын боламыз.