Атырау облысында шалғын көбелегі қаптап барады

Атырау облысына қарасты Махамбет ауданының егіс алқабында «шалғын көбелегенің» құрты көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті шаруашылықтың бірінің маңайындағы 1500 гектар жерді жайлап алған. Кеше шаруалардың дабылынан соң жергілікті билік тиісті мекемелермен бірге 30 шақырымдай аумақты шолып шықты. Әзірге егістіктер аман. Дегенмен жапырақты, шөпті жалмап келе жатқан құрттардан егіншілер қорқып отыр. Зиянкестердің бұлайша күрт көбеюін мамандар биылғы күн райының қолайлы болуымен, көктемнің ұзаққа созылуымен түсіндіреді. Негізі шалғын көбелегі Атырау өңірінде соңғы 15 жылда мүлде кездеспеген. Сондықтан олар Ресейдің Астрахань облысынан ауып келді деген болжам айтылып отыр.

Мұстапа Таңатаров, «Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Махамбет аудандық филиалының басшысы:

– Шаруашылықтар өз күштерімен улап жатыр. Егінге түспесін деп. Ол көк біткенді жейді ғой. Егін сыртындағы көк шөптер бар ғой, қазір соны жеп жатыр. Олар қуыршаққа айналғанша 14-28 күнге дейін жейтін болады. Табиғи шөпте бір түпте 15-20-дан бар. Әр жерде, бір жерде емес. Ошақтары кездесті.