Ертіс өңірінде бір күнде 48 сәбидің тұсауы кесілді

Дәстүрге берік дана халқымыз баланың тұсауын кесетін адамға ерекше мән берген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені бала сол тұсауын кескен адамға ұқсайды деп ырымдаған. Сол себепті аса жауапты сәтке лайықты адам таңдалған. Елге танымал, парасатты жандарға, үлкен жетістіктерге жеткен адамдарға баламның тұсауын кесіп бер деп қолға салған. Тұсау кесер осы күнге дейін құндылығын жоймаған. «Достық» үйінде өткен жаппай «Тұсау кесер» рәсіміне өңірге танымал қоғам қайраткерлері, жасы үлкен қариялар, көп балалы аналар қатысты. Баланың аяғындағы ала жіп қайшымен емес пышақпен кесілді. Бұл бала өткір мінезді, алға қойған мақсаттарына жете білетін азамат болып қалыптасады деген ырым. Тұсауы кесілген бүлдіршіндердің көбі сыйлыққа домбыраны таңдапты.