Мемлекеттік рәміздер күніне дайындық

Биыл елордада үлкен туды көтеру рәміздер күні өтеді. Бұған дейін дәстүрлі шара Астана күні ұйымдастырылатын. Екі жылдық пандемиядан кейінгі қалада ауқымды іс-шаралар көп. Патриоттық акция жыл бойы жүреді. Ал рәміздер күні қалай атап өтіледі?

Нұрпейіс Қоныспаев рәміздер күнін асыға күтіп жүр. Авто-мотоспорттан мемлекеттік жаттықтырушы биыл да шеруге қатысып, елорда тұрғындары мен қонақтарының көңілін көтермек. Оның айтуынша, үлкен-үлкен көше бойымен көк туды алып жүру патриоттық рухты оятады. Биыл авто-мотошеруге 50 шабандоз қатысады. Олар 30 шақырымды еңсеруге дайын.   

Нұрпейіс Қонысбаев, автомотоспорттан мемлекеттік жаттықтырушы:

- Әр спортшының арманы биік тұғырға шығып, туымызды желбіретіп, Әнұранымызды ойнату. Келе жатқан жас спортшыларымызға да бұл үлкен насихат болады. Жастардың жастайынан патриоттық сезім қалыптастыру үшін біз осындай іс-шараға қатысамыз және қолдаймыз.

Жалпы қалада рәміздер күніне орай 200-ден аса іс-шара ұйымдастырылады. Жекелеген ұжымдар да мерекеге қызу дайындалып жатыр. Мысалы, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы халыққа бір ай көлемінде патриоттық бағдарламалар ұсынбақ. 

Серік Нұрмолдаев, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» МКҰ директорының орынбасары:

- Керемет мықты концерттік бағдарлама болады. Олардың әрине бір-бірінен айырмашылығы көп, формат жағынан. Мысалы, бесі күні өтетін концертіміз Роза Рымбаева апайымыз бастаған керемет бір шығармашылық ұжым үлкен концерттік бағдарлама көрсетеді. Әрине пандемия кезінде концерттерді сағынып қалдық, сондықтан да біз мұндай концерт серияларын халыққа жария етуге бел будық деп айтса болады.

"Астана мюзикл" театры да көпшілікті жаңа қойылыммен қуантпақ. Ал мемлекеттік концерттік ұйымның кішкентай көрерменіне отандық фильмдерден сыбаға бұйырады. Алғашқы "Менің атым Қожа" фильмін мың бала тамашалады. Қала көлемінде рәміздер күні қарсаңында түрлі танымдық кездесулер, мерекелік безендірулер басталып кетті. Пандемиядағыдай емес, шараның бәрі қалың жұрттың қатысуымен оффлайн өтеді. Биыл "Атамекен" этномемориалдық кешеніндегі ту көтеру рәсімі де айтулы мерекеге орайластырылмақ.

Сәкен Есіркеп, қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

- Рәміздер күні қарсаңында бірқатар мемлекеттік құрылыммен бірге қаладағы мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік рәміздердің орналасуына байланысты мониторинг жүргізіп жатырмыз. Тулары кірлемеген бе? Орналасқан орындары стандартқа сәйкес келе ме, келмей ме? Бірінші басшының кабинетінде, мысалы, мемлекеттік рәміздер қалай тұр? Кең көлемде аралау жасап жатырмыз. Түнгі уақытта да аралаймыз. Өйткені заң бойынша мемлекеттік рәміздерге түнгі уақытта жарық түсіп тұруы керек.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Рәміздер күні еліміздегі елеулі мерекелердің бірі. Халықтың патриоттық рухы көтеріліп, кеудені қуаныш кернер шақ осы. Шадыман көңіл көпшілік ертең кешке мына «ЭКСПО» алаңындағы мерекелік концерттің куәсі бола алады. Отандық өнер жұлдыздарының тартуынан сіз де құр қалмаңыз. Елордаға келіңіз.  

Мерей Мұратханқызы, Марат Дихамбаев