Министр Ажар Ғиният БҚО-да халықпен кездесті

Батыс Қазақстан облысында 2025 жылға дейін 46 медицина нысаны салынады.

Жайық жұртымен жүздескен денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осылай деді. Аймақта былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасы шеңберінде 249 әйел жасанды ұрықтандыру әдісімен бала көтерген. Елімізде бұл бағытқа жыл сайын 7 мың квота бөлінеді. Қазір өңірде денсаулық сақтау саласына 271 маман жетіспейді. Кадр дайындау үшін Оралда көрші облыстағы медициналық университеттің клиникалық базасы ашылды. Облыстағы медициналық жабдықтардың 63%-і ескірген. Жиында тұрғындар саладағы қызмет сапасына қатысты шағым-ұсыныстарын жеткізді.

Айнұр Арыстанова, қала тұрғыны:

- Қазіргі таңда көп адамдар скрининг өткеннен кейін әрі қарай өзінің МРТ өтуі керек болады, болмаса УЗИ өтуі керек болатын болса, айлап кезегін күтіп жүреді. Күтіп, өзінің кезегі келмегендіктен денсаулығы үшін, өзінің жағдайы үшін ақылы емханаларға барып қаралуға мәжбүр. Алайда біздер МӘМС-ке ай сайын ақшасын төлеп тұрмыз немесе 15 категориядағы адамдарға Үкімет өздері төлеп беріп отыр.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Елдің арасында онкологиялық, әртүрлі гематологиялық аурудың ушығуына байланысты ауруды асқындырып алмас үшін зерттеп қарауды және емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» қағидасы енгізілді. Оның шеңберінде осы ауруларға күдікті пациенттерді емхана 18 жұмыс күні ішінде консультация беріп, барлығын толық зерттеп қарап шығуы керек. Оның ішіне зертханалық зерттеулер, УЗИ дыбыстық зерттеулер, рентген, ЭКГ, КТ, МРТ, сондай-ақ эндоскопия зерттеулері кіреді.