Қарағанды облысында ғұламалар кеңесі өтті

Онлайн неке қидыруға немесе өзге дін өкіліне тұрмысқа шығуға бола ма? Құнды қағаздан зекет беру қаншалықты дұрыс. Биржадағы акцияларды сатып алу және сатудың үкімі қандай? Қоғамда қызу пікірталас тудырған осы мәселелер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған ғұламалар кеңесінің 34-ші мәжілісінде кеңінен талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында өткен ғұламалар кеңесінің 34-ші мәжілісінде 5 мәселе қаралды. Алғашқысы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етудің діни әдебі. Бұдан бөлек онлайн неке қию, мұсылман емес адаммен тұрмыс құру, құнды қағазбен зекет беру секілді пәтуаларды кеңес құрамындағы 15 ғалым жан-жақты талқылады.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

– Қымбатшылықты пайдаланып, кейбір өнімдердің бағаларын аса көтермеу керектігі жөнінде пікір білдіру және соның аясында монополияға қатысты пәтуаны қабылдау Алла қаласа, осы Қарқаралыда болып жатқан жиында қаралып, бекітілетін болады. Сонымен қоса Алла қаласа, мұсылман емес кісіге тұрмысқа шығу пәтуасы қаралатын болады және мынау биржадағы акцияны сатып алу, сату.   

Бұл күні кеңес мүшелері қасиетті Қарқаралы жеріндегі әйгілі Шәйтанкөлдің атауын Әулиекөл деп өзгерту туралы жауапты мемлекеттік органдарға ұсыныс жолдады. Жалпы ғұламалар кеңесі шариғат негіздеріне сүйене отырып, қоғамдағы мұсылман қауым арасында туындаған түйіткілді мәселелерді талқылап, дер кезінде пәтуалар мен концептуалды құжаттар қабылдап отырады. Осы уақытқа дейін пәтуалар жинағының үш бірдей кітабы жарық көрген. Бүгінгі мәжілістің нәтижесі де қағазға қатталады.    

Қыдыр Төрәлі, филология ғылымдарының кандидаты:

– Қабылданған пәтуалардың барлығы мүфтияттың сайтында арнайы жарияланады. Сайттан кейін жылдың соңына қарай арнайы жинақ кітап ретінде де оқырманға, қоғамға ұсынылатын болады Алла бұйыртса, киелі жерлерден сұраныс болатын болса, солардың барлығына зиярат етудің әдептері дейтін арнайы хаттар жолданатын болады.

Бұл күні Құнанбай қажы мешітінде қайырымдылық шарасы өтті. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Берікқожа және дін істері басқармасының басшысы Дулат Халел 30 отбасына азық-түлік қораптарын таратты.

Авторлар: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар