Абай облысы депутаттарының саны белгілі болды – Өскемен

Бүгін Өскеменде мәслихаттың кезектен тыс сессиясында жаңадан құрылатын Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысының депутаттар құрамы жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

8 маусымнан бастап Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатында 22, Абай өңірінде 16 депутат қызмет атқарады. Жаңадан құрылатын Абай облысында алдағы үш жылда 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұған өңірдің экономикалық әлеуеті жеткілікті.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

Соңғы жеті жылда жаңадан құрылатын Абай облысының қалалары мен аудандарына 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл қаражат Семей өңірінің дамуына тың серпін берді деп ойлаймын. Ақтоғай, Бақыршық секілді ірі кен орындары мен Алакөлдің Абай облысы аумағында болуы аймақ экономикасын көтеретіні анық.

Бұған дейін өңірдің мүддесі үшін тізе қосып, жұмыс істеген депутаттар екі облысқа құжат жүзінде бөлінгенімен, ел іргесі бөлінбейді, қос аймақтың халқының әл-ауқаты артады деген пікірде.

Мұхит Тұмабаев, Абай облыстық мәслихатының депутаты:

– Бүгін енді үлкен тарихи күн. Семей облысының жабылғанына 25 жылдай болды. 1994 жылдан бері облыстық мәслихатқа депутат болдым. Жапқан кезде қатыстық. Енді Абай облысының қайта ашылуына қатысып тұрмыз. Сондықтан елге, жерге, Семей еліне қуанышты кез халық үшін. Ойлаймын мұның бәрі жақсылық деп.

Айбек Нұғымаров, Абай облыстық мәслихатының депутаты:

– Әр облыстың, қаланың өз облысы болғаны дұрыс деп ойлаймын. Сол жердің даумына, болашағының жарқын болуын септігін тигізеді деп ойлаймын. Біз тек қана облысымыз бөлінгенімен, қантамырымыз бір.

Соңғы жеті жылда Семей өңірінде 800 шақырымға жуық жол жөнделіп, 20 мектеп салынған. Депутаттар өз алдына ірге көтерген Абай облысының алдағы уақытта бұдан әрі көркейіп, асқақтай түсеріне сенімді.   

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин