Қарағанды облысында Монтессори сыныбы ашылды

Теміртаудағы оңалту орталығында ашылған Монтессори сыныбын металлургтер шаһарына «Арселор Миттал Теміртау»компаниясы тарту еткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір орталыққа мүмкіндігі шектеулі 50-ден астам бала тұрақты келеді. Сонымен әйгілі Монтессори педагогикалық жүйесі қалай жұмыс істейді? Монтессори сыныбы 4 аймаққа бөлінген. Математика кеңістігінде балалар сандарды қосып-алуды үйренсе, сенсор аймағында түйсіну, көру және есту қабілеттерін жетілдіреді. Ал жаратылыстануда қоршаған орта ғажайыптарына қанық болса, тіл аймағында сөздік қорын дамытады.    

Ольга Чеховская, №2 облыстық оңалту орталығы директорының орынбасары:

– Біздің орталық – Монтессори сыныбы бар облыстағы санаулы мекемелердің бірі. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға коррекциялық көмек көрсетіледі. Мамандар балаларды қызықтыра отырып, ақыл-ойының дамуын жетілдіреді. Біз келетін балалардың диагнозына, жасына шектеу қоймаймыз.

Монтесорри педагогикалық әдістемесі мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеуге көмектеседі. Сыныптағы даму аймақтарын балалар өздері таңдайды. Мамандар тек бағыт беріп, олардың қызығушылығын арттыруға күш салады. Қазір орталықта 30 адам еңбек етеді. Олар мұндағы әр балаға жеке бағдарлама жасайды.

Әлішер Әбенов, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры:

– Сіздердің атқарып отырған еңбектеріңіз ерен. Балалар біздің болашағымыз. Сондықтан барынша қолдаймыз. Бұл бір реттік шара емес. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы бұған дейін де көмек көрсетіп келген. Қайырымдылық шаралар әлі де жалғасады.

Бұл күні «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының өкілдері «лимфогендік лейкоз» дертіне шалдыққан бүлдіршіндерге көмек беретін орталықта да болып, сый-сияпат үлестірді. Ал Теміртау жастар клубы компанияның қолдауымен қала орталығында мереке ұйымдастырды. Волонтерлар түрлі ойындар мен байқаулар өткізіп, балаларға қуаныш сыйлады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар