Шымкентте жалауды желбіреткен топ қаланың басты көшелерімен жүріп өтті

Шымкенттіктер Туымыз бен Елтаңбамызды, асқақ Әнұранымызды әспеттеуді биыл да ұмытқан жоқ. Қаланың әр жерінде жалауымыз желбіретіп, көк байрақ көкте асқақтады. Тұрғындар туды бір-біріне табыстап, түрі бөлек болса да, тілегі бір екенін жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Патриоттық руһ берітін асқақ шара Тәуелсіздік саябағында басталды. Алдымен Ұлттық ұлан сарбаздары Мемлекеттік рәміздерді салтанатпен төрге шығарып, құтты тұғырына қойды. 

Нұрдәулет Тұрсынғали, қала тұрғыны:

- Әрбір қазақ жастарының осындай мерекеге келіп, атсалысуының өзі әрбір қазақ жастарының патриоттық сезімін, отанға деген махаббатын, сүйіспеншілігін арттырады дегенге мен кәміл сенемін. Біз жастар әрбір жүрген жерімізде, отырған орнымызда өзіміздің мемлекеттік рәміздерді қастерлеп, құрметтеуге міндеттіміз.

Патриоттық ән мен би көрініс тапқан концерттік бағдарламадан соң үш көшенің тоғысқан қақпасынан авто-вело шеру жолға шықты. Жалауды желбіреткен топ қаланың басты көшелерін артқа тастап, Бәйдібек би алыңына дейін жүріп өтті.

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары:

- Мемлекеттік рәміздерге қатысты іс-шаралар тек бүгін басталған жоқ және бүгінмен шектелмейді. Күнделікті қоғамдық тіршілікте қолданып, халықтың рухын оятып, ұлжандылық сезімдеріне серпіліс беретін сондай үлкен құндылық.

Мегаполисте 1700 мемлекеттік мекеме мен заңды құрылымдардың ғимаратында рәміздерді көруге болады. Оларды күтіп ұстау үшін арнайы комиссия тобы қадағалау жүргізеді. Ал бұл күні көшенің өзінде Ту ұстаған ұл мен қазыналы қарияны да кезіктіресіз.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов