Маңғыстау облысында 231 дауыс беру учаскесі бар. LIVE

Дені Ақтау қаласында. Мұнда 407 мыңнан астам адам дауыс бере алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт референдумға белсенді қатысып жатыр дейді осы өңірдегі арна тілішісі Талғат Исламұлы.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Бұл жерде адам қарасы аз емес. Қазір жергілікті уақытпен сағат 8-ден асты. Бұл аралықта 50-ден астам тұрғынның өз таңдауын жасағанын көрдік. Жалпы Ақтаудың өзінде 148 мыңға жуық сайлаушы бар. Облыстық референдум комиссиясының мәліметі бойынша 231 учаскесінің 14 жабық сайлау учаскесі. Бір байқағанымыз, дауыс берушілердің көңіл-күйі көтеріңкі. Келешек оң өзгерістердің боларына сенеді. Осы сәтте қоғам қайраткері Оңайбек Нұрасылұлының пікіріне құлақ түрсек.

Оңайбек Әбділов, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Заңгер ретінде Ата заңымызға өзгеріс енгізу керек екенін толықтай түсінемін. Себебі Қазақстандағы бүкіл реттейтін заңдардың барлығы біздің Ата заңнан ғана бастау алады. Енді бұған дейін 30 жыл егеменді Қазақстан дәуірінен өттік. Осы 30 жылда біздің жеткен жетістіктеріміз де бар. Кеткен кемшіліктеріміз бар. Байқағаным, халық мұны күтуде. Күтеді және елдің болашағына үміт артады және осы референдум арқылы Қазақстанның болашағы жарқын болатынына мен де кәміл сенемін.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Облыстағы ірі дауыс беру учаскелеріне тоқталып өтейін: Ақтауда 78 дауыс беру учаскесі мен 148 мың 979 дауыс беруші, Жаңаөзенде 37 учаске және 75 мың 500 адам, Мұнайлы ауданы бойынша 36 дауыс беру учаскесі мен 83 мың 361 дауыс беруші бар. Бұған дейін айтқанымдай, 217 ашық дауыс беру учаскесінде ашықтық пен дауыс беру тәртібінің бұзылмауын 651 байқаушы бақылайды. Бұл азаматтар партиялық емес байқаушылар ұйымы, Маңғыстау облыстық азаматтық альянсы және аймақтық кәсіподақ орталығынан жіберілген. Қазіргі уақытта заң бұзу дерегі тіркелген жоқ.