СҚО-да 650-ге жуық референдум комиссиясы жұмыс істеп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында 648 референдум учаскесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірінде таңертеңнен бері арнамыздың түсіру тобы да жұмыс істеп жүр. Тікелей байланысқа арна тілшісі Айдарбек Айтмұхамбетұлы шықты.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Біз қазір Петропавлдан 10 шақырым жердегі Қызылжар ауданына қарасты Пеньков ауылындамыз. Елді мекендегі жалғыз референдум учаскесі мына мәдениет үйінде орналасқан. Комиссия мүшелері таңғы 7-ден бастап жұмыс істеп кетті. Оның ашылуы барлық талапқа сай өтті. Енді ауыл тұрғындары онсыз да таңертең ерте тұрады.Қой мен сиырын өріске қосқан жұрт бірінен соң бірі осында келіп жатыр. Жалпы Пеньково ауылында бір жарым мыңға жуық адам тұрады. Саяи науқанға соның 600-ден астамы қатысуы тиіс.

Рахима Ырықбаева, Пеньков ауылының тұрғыны:

– Бүгін сондай жақсы көңіл-күйімізбен оянып, осындай іс-шараға келіп отырмыз. Себебі әрбір қазақстандық менің ойымша, әрбір ел тұрғыны, ауыл тұрғыны азаматтық ұстанымын білдіру керек. Себебі осындайдан біздің болашақ өміріміз тығыз байланысты деп ойлаймын.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында 650-ге жуық референдум комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Саяси науқан арқылы Конституциямыздың 33 бабына өзгертулер мен түзетулер ензігу ұсынылып отыр. Бұл Ата заңымыздың үштен бір бөлігі. Мендегі бар ақпарат осы.