Ақтөбе облысында референдумға қатысуға 560 мың адам тіркелді. LIVE

Ақтөбе облысында 517 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал тұрғындардың науқанға қатысуы үшін біраз жағдай жасалған. Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инватаксилер мен сурдо аудармашылардың жұмыс жасауы қарастырылған. Бүгінгі науқанда студент жастардың да белсенділігі байқалады. Бұл туралы осы аймақтағы арна тілшісі Әнуарбек Мырзатайұлы айтты.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Біз қазір шаһардағы медицина университетінде орналасқан №56 референдум учаскесінде тұрмыз. Бүгінгі таңда мұнда 5 мыңнан астам студент білім алады.

Оның басым бөлігі, яғни 4761 жас 18 жасқа толған, бүгінгі науқанға қатысуға құқылы. Таңнан бері мұнда келіп, таңдау жасағандар толастар емес. Олардың арасында осы учаске бойынша тіркелген қарапайым тұрғындар да бар. Референдумға қатысып жатқан медицина саласының болашақ мамандары бүгінгі күннің маңызды екенін атап өтуде.

Мерей Қадыртаев, студент:

Бұл мен үшін бірінші референдум. Өзімнің таңдауымды жасадым. Қазақстан үшін де өте тарихи сәт, өте маңызды шешім деп білемін және осы іске жастардың қатысуы мені қуантады. Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніміз жастардың еліміздің болашағына бейқам қарамайтындығына көрініс болып табылады.

Айта кетейік, мұндай референдум учаскелері жоғарғы және кәсіби білім беретін оқу орындарында жұмыс істеп тұр. Көбісі облыс орталығында болса, кейбірі аудандарда орналасқан. Сәйкесінше, студенттер өздерінің университет немесе колледждерінде науқанға қатысып, таңдау жасауда. Педагогикалық, техникалық бағытта білім алып жатқан жастардан өзге, қалада болашақ ұшқыштар да белсенді қатысып жатыр. Жалпылай алғанда бүгінгі науқанға қатысушы ретінде өңірде 559 мыңнан астам адам тіркелген.