Францияда Еуропа қазақтарының құрылтайы өтіп жатыр

Францияда Еуропа қазақтарының құрылтайы өтіп жатыр. Жиынға Еуропалық Одақ аймағында тұратын қандастарымыз бен Түркия және Қазақстаннан делегациялар қатысты. Пандемиядан кейін алғаш өтіп жатқан елеулі шараға мыңға жуық адам жиналды.

Еуропалық қазақтар үшін құрылтай - ерекше маңызды іс-шара. Себебі, жырақта жүрген қандастарымыздың басын қосатын мұндай жиындардың мақсаты - ұлтымыздың төл мәдениетін сақтап, ұлықтау. Құрылтайдағы елеулі іс-шаралардың бірі - футбол турнирі. Додаға түрлі елден 13 команда жиналған.

Ертұғрұл Шолпан, Австриядағы қазақ диаспорасы қауымдастығының төрағасы:

- Шетелде тұрамыз ғой… Шетелде тұрғандықтан өзіміздің мәдениет пен дәстүрімізді сақтауымыз керекпіз. Сол үшін енді жылына бір рет осындай құрылтайлар болса өз туыстарымызды көреміз өз қандастарымызды көреміз. Сол үшін бұл бізге өте маңызды.

Құрылтайды Франциядағы қазақтар мен Париждегі қазақстандық дипломаттар және "Отандастар" қоры ұйымдастырды. Іс-шара бағдарламасы барынша мазмұнды әрі пайдалы етіп құрылған. Іс-шара аясында Еуропадағы диаспоралардың кездесуі, этнодизайнер Қазипа Қалиқызының дәрісі, әр елден жиналған өнер адамдарының концерттерін өткізу қарастырылған. Тіпті жастар үшін би кешін өткізу ойластырылған.    

Есімхан Назир, Франциядағы Түрік қазақтары қауымдастығының президенті:

- Осы жерде біз қазақтың туын көтеріп Еуропаның ортасында Париждің төрінде біз қоғамымыз бар. Біз бұл қоғамымзды ашуымыздың себебі келе жатқан ұрпақтарымыздың ата салт-дәстүрін ұмытпасын, қазақшылығын ұмытпасын, тілін ұмытпасын деп сол қоғамда әр аптасына той-томалағымыз болады. Сол жерде той-томалағымызды өткіземіз. 400-500 қазағымыз келеді. Бәрі бас қосады сол жерде. 

Париж құрылтайы бағдарламасында мәдени көрікті жерлерге айналған Абай мен Мұстафа Шоқай ескерткішіне тағзым ету де қамтылған.  

Абзал Сапарбекұлы, "Отандастар" қорының президенті:

- Негізгі осындай көңіл күй бар. Сол өздерінің тарихи отаны ата жұрты Қазақстанға деген сырттағы қандастарымыздың, отандастарымыздың бейжай қалмай Қазақстанмен байланысты арттыру, тұрып жатқан жерінде ықпалды диаспора ретінде көрсету осындай көңіл күймен көрсетуге болады. Біз шын мәнісінде өте ризамыз. Шетелде тұрып қандастырымыздың диаспораның осындай бір жағынан отандастар жұмыс істесін деп бір жағынан өздері жұмыс істеп жатқанына.

Отандастар қорының мәліметіне қарағанда, қазір тарихи отаннан жырақта жүрген қазақтардың саны 8 миллионнан асады. Қандастарымыздың Қазақстанмен мәдени байланысы жемісті дамып келеді. Енді әлемнің әр еліндегі қазақ диаспораларының ынтымақтастығын нығайту көзделіп отыр. 

Дәурен Ақашұлы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан