Елорда тұрғыны ғылымды тастап ата кәсіпті қолға алды

Ол сайын далада шаруашылық тұрғызды. Елорда тұрғыны Жәнібек Кенжебаев ғылымды тастап ата кәсіпті таңдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір фермер Қостанай облысындағы Амангелді ауданында алты мың бас мал өсіріп отыр. Болашақта шаруашылығын кеңейтіп, өзі сияқты жастарға жол беруді армандайды.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Алты жыл бұрын осы аумақ құр тақыр жер болатын. Қазір адам танымастай боп өзгерді. Мың шаршы метрлік тұрғын үй кешені салынып, ішінде 50 адамға арналған жатақхана пайдалануға берілді. Ал мынау күн батареялары осы тұрғын үй кешенін түгел жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Ал байланыс мұнара арқылы жұмысшылар интернеттің де, ұялы байланыстың да игілігін көре алады.

Бұл өркениет жетістігі облыс орталығынан 600 шақырым қашықта қалыптасқан. Иесі – Жәнібек Кенжебаев. Жас фермер бұған дейін ақпараттық технология саласында отандық косметика брэндін қалыптастырған. Енді Торғай даласында ата кәсіпті жандандырып отыр. Жайылым жердің шалғайдан бұйырғанның өз артықшылығы бар деп есептейді.  

Жәнібек Кенжебаев, фермер:

– Бұл жер кездейсоқ таңдалған жоқ. Негізінен ірі және шағын шаруа қожалықтар ауыл, қала іргесінен, яғни логистикасы ыңғайлы аумақтан жер таңдауға құмар. Ал мынадай құнарлы Торғай даласы назардан тыс қалып жатады. Елімізде мұндай жер көп. Соның бәрі игерілсе деген арман бар. Сол себепті біз осындай күрделі жағдайда табысты бизнес ашуды жөн көрдік.

Шаруа қожалығында жылқы, сиыр, қой саны 6 мыңға жуық. Дегенмен басымдық - жылқы өсіруге берілген. Мұнда жайылымдық жер жеткілікті. Мал күні бойы емін-еркін жайылып, құнарлы шөп жеп, қазаншұңқырдан су ішеді.

Мейрамбек Спанов, малшы:

15-20 шақырым жерден табындардың арасы. Осылай жібереміз. Жаймен келеді өздері азанғы кезде. Кештің күні топтап, жақсылап тастаймыз. Азанда түгендеп аламыз жобалап. Қыстыгүні сәл қиындау болады. Қолайсыздау. Ал жаздыгүні осылай демалыс есебінде атқа мініп, бір мезгіл айналып келіп тұрамыз.

Сырттан келіп, жемісті еңбек етіп жатқандар да бар мұнда. Ғасыржан Сайлаубаев былтыр Павлодардан арнайы дипломалды практикасын осында өткерген. Содан ұжымда қалып, қазір бас мал дәрігері боп істейді.   

Ғасыржан Сайлаубаев, бас мал дәрігері:

– Бұл жерде үлкен ауқымды жер деген болмаса, жақын жерде ауыл, не дүкен болмаса, негізінен бар жағдай жасалған. Негізі кезінде клиникада жұмыс істедім. Бірақ бұл жерде үш түлік мал бар: жылқы, сиыр және қой. Үш түліктің басын қосып өзіме көптеген тәжірибе жинамақ болғандықтан осы жерді таңдадым. Ет комбинаттарынан да ұсыныс болған. Бірақ ол жерде бір бағыт болғандықтан практика аз болады. Ал ол үшін маған көп жерде жүру керек.

Жұмысшылар қысы-жазы қыстақта болатындықтан, мұндағы тұрмыс қаладан кем емес. Жаттығу залы, караоке, монша, асхана дейсіз бе – бәрі бар. Екі айда 15 күнге дейін сағынған ел-жұртпен қауышып қайтуға болады. Алдағы уақытта шаруашылық көкжиегі кеңейе түспек. Азық цехы мен астық қоймасын салу жоспарланған.

Жәнібек Кенжебаев, фермер:

– Бізде кадр тапшылығы мүлдем жоқ. Еңбекке барынша қолайлы жағдай жасадық. Жалақыға ешкім өкпелі емес. Кем дегенде 200 мың теңге төлейміз. Одан қалды жатақхана, тамақ бәрі тегін.

Амангелді ауданында Жәнібек сияқты ризығын жерден тауып жатқан еңбеккерлер сирек. Елді мекен бойынша бір миллионға жуық гектар жайылым бос жатыр.

Есімхан Тәшімов, Амангелді ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы:

– Бұл жерде бос алқаптардың көбісі шалғайда жатқан аудан орталығынан, біздің басқа да елді мекендерден шалғайда орналасқан жайылымдық жерлер ғой. Бұл жерде тұрғындардың көбісі елді мекендерге жақындау жерден, коммуникацияға жақындау жерден алғылары келеді. Былайша айтқанда маңайдағы жерлердің барлығы пайдалануға берілген.

Былтыр кәсіпкерлердің иелігіне мемлекеттік конкурспен 130 мың гектар жайылымдық жер жалға берілді. Биыл да осынша көлемдегі телім уақытша пайдалануға өтті.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров