«Amanat» республикалық штабтың жұмысын қорытындылады

Референдум күні Аманат партиясының 28 мыңдай өкілі дауыс беру учаскелерінде байқаушы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Партияның атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың айтуынша, заңбұзушылық тіркелген жоқ. Ал бүгін референдумды қолдау мақсатында құрылған Партияның республикалық штабы жұмысын қорытындылады. Ата Заңға енгізілген өзгерістердің маңыздылығын халыққа түсіндіріп, үгіт-насихат жүргізу мақсатында партия штабы 12 мыңнан астам іс-шара өткізген. Еркін форматтағы кездесулер барысында азаматтардан 20 мыңнан астам ұсыныс жинақталды. Енді саяси ұйым осы ұсыныстарды саралап, ең өзектілерін жүзеге асыру жолдарын қарастырады. 

Асхат Оралов, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы:

- «Amanat» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде үгіт-насихат жұмысына бірінші күннен бастап белсенді түрде кірісіп кетті. Республикалық штаб құрылды. Оған партия төрағасы Ерлан Қошанов жетекшілік етті. Аймақтарда 217 штаб жұмыс істеп, 12 мыңнан аса үгіт-насихат шарасы өтті. Барлық кездесулер еркін, ашық форматта жасалды.  Біз олардың санына емес, сапасына мән бердік. Конституциялық өзгерістерді  халыққа түсінікті тілмен жеткізуге тырыстық. Кеше азаматтар өз таңдауын жасап, елдің болашақ даму жолына қатысты шешім қабылдады. Осы арқылы еліміз Жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Алда көп жұмыс, үлкен міндеттер тұр.