Әр айдың 24-30-ы күндері бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкесі өтеді – Еңбек министрлігі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ірі отандық компаниялардың жетекшілерімен кездесті. Тараптар Электрондық еңбек биржасын дамыту, онлайн бос орындар жәрмеңкесі және жастарды жұмыспен қамту мәселелерін талқылады.

Кездесуге ірі отандық компаниялар мен кәсіпорындар: «Еуразиялық Топ» ЖШС, «Самұрық-Қазына» АҚ, Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы, «Полиметалл Евразия» ЖШС өкілдері және орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.

Министр ERG Компаниялар тобымен бірлесіп жүзеге асырылған «Жастарды жұмысқа орналастыру» жобасы жақсы нәтиже көрсеткенін атап өтті. Биыл мамыр айында басталған жоба тиімділігін көрсетті. Компания Электрондық еңбек биржасында жастар үшін 395 бос жұмыс орнын жариялады. Олар бойынша бір апта ішінде 159 жас маман жұмысқа орналасты.  

Тамара Дүйсенова Электрондық еңбек биржасының бірқатар басымдығын атап өтті. Атап айтқанда биржа қазақстандықтардың барлығына қолжетімді (жұмыс іздеушіге де, жұмыс берушіге де) және бос жұмыс орнына мамандарды іріктеу мүмкіндігі барынша ашық (жұмыс іздеушінің тұратын жері маңызды емес). Бұдан бөлек министр әр айдың 24-30 күндері аралығында Электрондық еңбек биржасының базасында онлайн бос жұмыс орындары жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізу жоспарланғанын айтты.

«Еуразиялық Топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов та платформаның мүмкіндігі көп екеніне тоқталды. Ол платформа жас мамандарды іріктеуге, осылайша пул қалыптастыруға, оларды кейін даярлықтан өткізіп, біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.  «Жыл соңына дейін ERG кәсіпорындарында тағы 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның 500-і екі жоба аясында ашылады. Бұдан бөлек жас мамандарға арналған тұрғын үй бағдарламасын жандандыру жоспарда бар», -деді Серік Шахажанов.

Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова ЖОО мен колледждердің мансаптық орталықтары мен жұмыс берушілер арасында серіктестік орнатуға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Яғни тараптар жас мамандарды оқыту, оларды жұмыс орнында оқыту мәселелері бойынша бірлесе отырып жұмыс істей алады.    

Кеңеске қатысушылар ЭЕБ жобасын қолдап, оның тиімділігін атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта бірлесе отырып жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Электрондық еңбек биржасы және оның базасында тұрақты түрде өткізілетін онлайн бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер үшін еңбек нарығының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызды құралына айналады.