Жарнамадағы қате қалай түзеледі?

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасынан кәсіпкерлерге 500-ден астам ескерту хат жолданған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сыртқы жарнаманың мәтінінде қате кетсе, оны дереу түзету үшін қандай іс-шара атқарылып жатыр? Жарнамадағы грамматикалық, стилистикалық, әрі мазмұндық қателер жиі кездеседі. Көпшілік қазақша жазылған жарнамаларға көңілі толмайтынын айтты.

– Жоқ, көңілім толмайды. Өйткені көпшілік жерде қате кетеді. Қазақша жазылғанда грамматикалық қате көп болады. Дүкеннің маңдайындағы , содан да көп қате кетеді. Сосын барып, билбордтарда да көп қате кетіп жатқан жерлерді көрдім.

– Мен оқыған жарнамаларға көңілім толады, иә.

Қате байқамаймын. Жалпы мән беремін.

Көңілім толмайды. Өйткені қателіктер бар, болады. Біз Нәжімеденова көшесінде, «Айдидар» деген ЖК-тің қасында сондай бір жарнама бар. Дұрыс жазылмаған.

Тікелей орыс тілінен аударған, орысша сөзді қазақшаға аудара салған.

Жоқ, қате. Көбісі қате жазылған.

Қай жерден қатені көп байқайсыз?

(Ң) деген де, сосын (О) мен (Ө)-ні, (Қ) мен (К)-ні, (Ғ) мен (Г)-ні барлығы қате жазылған.

Қателіктер бар, байқаймыз. Оны кімге айтамыз?

Рас, қатеден көз сүрінетін жарнамадан көңілі қалған халық кімге шағымдануға болатынын біле бермейді. Жер-жердегі қала әкімдіктерінде тіл басқармасы құрылған. Сыртқы жарнаманың заңға қайшы келмеуін қадағалап, оның мән-мағынасын талдап, стилистикалық және грамматикалық қателерін түзеу сол басқарманың жұмысы еді. Бертінге дейін. Алайда қазір жағдай басқа.

Сәкен Есіркеп, Нұр-Сұлтан қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

– Мысалы, қазір кәсіпкерлерді тексеруге үш жылға мораторий жарияланғанын білесіз, иә? Сонымен қатар 2018 жылдан бастап жергілікті атқарушы органнан бақылау функцияларын алып тастады, яғни, кәсіпкерлерді тілге қатысты мәселелер бойынша барып, профилактика жүргізуге, тексеруге тиым салынған. Бақылау функциясы жоқ. Қазір қандай да бір мемлекеттік орган барып, кәсіпкерге барып айтатын болса, олардың ісі заңсыз болады. Өйткені біз бұл жөнінде бірнеше мәрте прокуратора органдарымен, арнайы құрылымдармен жиналыс өткізгенбіз. Біздің әрекетіміз қаншалықты заңды болады барған кезде деген сияқты. Прокуратора органдарының ресми айтқаны, сіздердің аттап басқандарыңыз – ол сіздерде тексеруге жатады, кәсіпкерді. Ал тексеруге сіздердің құқықтарыңыз жоқ дейді.

Сондықтан халық тарапынан қандай да бір арыз-шағым түссе, тіл басқармасы кәсіпкерге ресми хат жіберіп, тілге қатысты заңның нормаларын түсіндіреді. Яғни, кез келген жарнамада мемлекеттік тілде оң жағында, орыс тілінде сол жағында болу керегін айтады. Көбісі заңға мойынұсынып, қателерін жөндейді. Мәселен, жыл басынан бері елордада заң нормаларына сай келмейтін 500-ге жуық жарнама алынып тасталды. Бірақ ескертуді қаперіне алмайтындар да бар.

Сәкен Есіркеп, Нұр-Сұлтан қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

– Қатені түземесе, мемлекеттік органдардың қолында ешқандай тетік жоқ, түзетуге байланысты. Оны өзгертуге, күшпен өзгертуге ешқандай тетік жоқ. Оны ашық айту керек. Бізде осыдан бір жыл бұрын Парламентте осы тілге қатысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтеріліп, жұмыс тобы құрылды. Бірнеше заң өзгерді. Ішіндегі бірнеше баптар өзгерді. Тіл туралы заң бар, жарнама туралы заң бар. Ол жерде мені жұмысшы тобына шақырды, жергілікті атқарушы орган өкілі ретінде. Біз сол жерде осы бақылау функциясын, яғни, түсіндіру жұмыстарына мүмкіндік беретін бақылау функциясын бізге қайтадан қайтарып беруді сұрадық.

Сәкен Есіркептің айтуынша, бұл жобаны Парламенттің бірқатар депутаты мен мемлекеттік органдардың өкілдері қолдаған. Алайда кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын палата мен Ұлттық экономика министрлігі қарсылық танытқан. Сондағы уәжі – әкімдік тарапынан мұндай тексерістер орта және шағын бизнестің дамуына кедергі келтіруі мүмкін.

Авторы: Мерей Мұратханқызы