Алматы облысында балық шаруашылығы тоқырап тұр

Алматы облысындағы Көлді ауылының азаматтары «Халық балық» серіктестігінің жұмысына көңілдері толмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, балық шаруашылығымен айналысатын компания өз иелігіндегі 3 мың гектардан астам жерді дұрыс игермейді. «Тоғандары кепкен, балық зауыты да қалпына келтірілмеген. Тұрғындардың көбісі жұмыссыз. Егер жекеменшікке өтіп кеткен тоған шаруашылығы мемлекетке қайтарылса, жағдай дұрысталар еді», – деп үміттенеді. Алайда бұған серіктестік басшылығының өз уәжі бар. 1963 жылы Іленің бойында жатқан Көлді ауылында «Шелек» тоған шаруашылығы құрылған. Ол ішкі нарықты балықпен қамтамасыз ететін. Тоқсаныншы жылдардың басында тарап, жекеменшікке өтті. Соңғы отыз жылда бұл шаруашылықтың 18-ші қожайыны ауысып отыр. Қазіргі иесі «Халық Балық» серіктестігі шабақ өсірумен айналысады. Жергілікті тұрғындар компания иелігіндегі көлдердің көрінісіне көңілдері толмайды.

Айкелді Әбдіразақ, ауыл тұрғыны:

– Бұрын көлдері бар еді. Көлдерінің бәрі өлді. Үш көлі қалды. Мынау көлдің кескіні. Бірақ бір балығын біз де көрмейміз, адам көрмейді. Шындығына келгенде қағаз балық қой. Негізі мемлекет қайтарып алса, аз-кем қаржы қосса, салса кішкене. Осы арада өндірлсе, мысалы. Мына жердегі зауыттан ештеңе қалған жоқ. Бәрін бітірді.

Көп жыл бойы бұрынғы «Тоған» шаруашылығында балықшы, бас технолог болып жұмыс істеген Құлымбет Рахметолаев бұрын әр көлден 80 тонна балық аулайтын. Бірақ бұл күні «Халық балық» серіктестігінде ондай көрсеткіш жоқ. Ауыл тұрғындарын да жұмысқа алмайтынын айтады.

Құлымбет Рахметоллаев, ауыл тұрғыны:

– Ғылыми әдістемесі бар. Шаруашылық жүйесі бар. Бірақ ұйымдастыруы болмай тұр ғой. Қайтадан соны жандандырып жіберсе дейсіз ғой? Соны болады. Бұрынғы істеген балдар бар. Тәжірибесі бар балалар бар. Бізге тек керегі комбикорм, суды ол өзіміз жасап алуымызға болады.

Ауылдың ортасында кеңес заманында салынған балық зауытының қазіргі көрінісі осындай. Он жыл бұрын зауыт ғимараты  серіктестік меншігіне өтіпті. Содан бері қалпына келтіру жұмысы жүргізілмеген.

Бүркітбай Дүйсенбай, ауыл тұрғыны:

– Біздің жастарымызда ешқайсысына зейнетақы қорына төленбейді. Бәрі жалдамалы жұмыс істейді. Ешқайсысында медициналық сақтандыру жоқ. Мына мекемеге қарасты балық зауыты. Ол зауытта кезінде 30 адам жұмыс істеген. Күніне 3 тонна балық өнімін шығарған.

Ал ауыл азаматтарының жұмысқа алмайды деген өкпе-назына қатысты«Халық Балық» серіктестігі басшылығының жауабы дайын. «Әзірге 20-30 адамға жұмыс бере алмаймыз. Бірақ жұмыс мүлдем жоқ емес. Тек 150 мың теңге айлыққа ешкімнің келгісі жоқ. Тоғандарды суға толтырмайды деген сындары да орынсыз», – дейді компанияның бас технологы.

Мейрамбек Пазылбеков, «Халық балық» ЖШС директорының орынбасары:

Мұнда отыздан астам тоғанымыз бар. Әр тоғанның өз міндеті бар бұл жерде. Кей тоғандарды көктем маусымында тек бір ай ғана пайдаланамыз. Бір тоғандарды тек қыста пайдаланамыз. З деген қысқы тоғандар. Мынау В деген өсіру тоғандары. Бұларды тек шабақ өсіруге ғана пайданамыз. Одан кейін мынау нагульный. Бұл жерде тауарлы балық өсіреміз. Енді елдің бәрінің бізге ауыл тұрғындарының айтатыны тоғандарын пайдаланбайды деп. Қазір республика бойынша, әлем бойынша су тапшылығы бар.

Оның үстіне балыққа сұраныс аз дейді. Өсірілетін шабақтың тоқсан процентін Қырғызстан сатып алады екен. «Алдағы 10 жылға бизнес жоспар жасадық. Тауарлы балық өсіріп, сол кезде қирап тұрған зауытты қалпына келтіреміз. Ауыл азаматтары да жұмысқа тартылатыны сөзсіз»,деді компания өкілі. 

Мейрамбек Пазылбеков, «Халық балық» ЖШС директорының орынбасары:

Болашақта біздің жайылым тоғандар тауарлы балық өсіріп, бұны іске қоссақ бұларды өңдеу керек. Бізде мақсат тұрған жоқ оларды ұстап алып, базарға апарып сату. Ол тіршілік емес. Біз одан дайын өнім шығаруымыз керек. Сол кезде бізге ол керек. Ал мен қазір оны 100 млн-ға біреуге сатып ертең өзіме керек кезде 500 млн-ға стып алмаймын ғой. Сол ауылдағы адамдардың ішінде сол зауытты арендаға алған кісілер болған. Қайда қалды солар жүргізетін болса, өткізіп берді берді арендасын төлей алмай.

Көлдідегі балықшы қауымның бүгінгі көңіл-күйі осындай. Ауыл азаматтарының шаруашылықты мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі талабынан Тескенсу ауылдық округінің әкімдігі хабардар. Ал «компанияның жерді қалай игеріп жатқандығын тексеріп, баға беру Алматы облыстық әкімдігі мен Жер басқармасының құзыретінде», – деп жауап берді ауыл әкімдігінің өкілдері.

Авторлары: А.Садуақас, С.Жұмабаев