Сарбаздардың қауіпсіздігі қалай қамтылады?

Қорғаныс министрлігі Отан алдындағы борышын өтеушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министрдің орынбасары журналистердің сауалына осылай деп жауап берді. Ералы Тоғжановтың айтуынша, Қазақстанның әскер қатарында келісімшарт негізінде қызмет ететін сарбаз санын арттыруға мүмкіндігі жетеді. Жалпы жыл сайын орта есеппен 35 мың адам әскер қатарына алынады. Ал армияға шұғыл шақыру жүйесінен толықтай бас тартуға болмайды. Айта кетейік, соңғы кездері елде сарбаздардың өлімі жиілеп кетті. Бірер күн бұрын Маңғыстау облысында шекара қызметінде борышын өтеп жүрген жауынгер өз-өзіне қол салған еді.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Бұл мәселе бойынша Президенттің нақты тапсырмасы бар. Бүкіл мемлекеттік органдар, бірінші кезекте Қорғаныс министрлігі ол үшін қажетті шаралардың бәрін қабылдайды деп ойлаймын. Сізбен келісемін, өліммен аяқталған жайттар бар. Мұндай оқиғалар тыңғылықты зерттеліп, кінәлілерге тиісті жаза тағайындалуы керек.