Жамбыл облысындағы жарылыс жұмыстары күзге дейін жүргізіледі

Байзақта тағы жарылыс болып жатыр. Жойқын дүмпу таңертең мен кешкі уақытта қатты сезіледі. Бұл 28/349 әскери бөлімінде қалып қойған оқ-дәрілерді жою жұмыстарының жалғасы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарылыс күзге дейін созылады. Мамандар қоймадағы қауіпті қалдықтарды шығарып, шалғайға апарып жарып жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

 Әскери қоймадан шығарылған жарылғыш заттардың қалдықтары қазір қолдан жарылады. Ол үшін таудың ішінде әскери бөлімшеден шамамен 12 шақырымдай жерде арнайы жер белгіленген. Біз қазір жарылыс болатын жерге барынша жақындап келдік. Әрі қарай әскерилер жібермейді. Өйткені арғы жағы аса қауіпті. Айта кету керек, дәл қазіргі уақытқа дейін екі рет жарылыс жасалды. Қазір үшіншісі жарылады.

Жару жұмыстары негізі екі ай бұрын басталған. Жергілікті шаруалар мал төлдейтін уақытта берекені қашырмауды өтінгеннен соң кейінге қалған. Енді қайта қолға алынып отыр. Әскерилер оның адамға, қоршаған ортаға, не жан-жануарларға зияны жоқ деп сендірді. Олар бір жарғанда жарылғыш заттардың 360 данасын жоюда.

Берік Үркімбаев, 28349 әскери бөлімінің маман сапері:

– Жарып болған соң 15 минут күтеміз алаңда. Одан кейін біздің топ командир, басшыларымыз бар. Олар барып көріп келеді. Рация арқылы бізге баяндама жасайды. Біз одан кейін барамыз. Жарылмағандарды сол жерге барып жатқан жерінде жарамыз. Ондай жағдай біздің практикамызда болған жоқ. Барлығы жойылып жатыр.

Жару жұмыстары күніне екі мезгіл жүргізіледі. Және ол күз айларына дейін жалғасады. Әскери қойма аумағы әлі де жарылғыштардан толық тазартылып бітпеген. Нақты қанша көлемде жойылатыны да белгісіз.

Еркін Әбсадықов, 28349 әскери бөлімінің командирі:

Техникалық территорияда тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Әр ғимарат, қоймалардан табылғанын осында алып келіп, жарып жатырмыз. Аздан жарып жатырмыз. Өйткені жақын арадағы елді мекендердің қауіпсіздігі үшін. Бар салмағы 600-700 келі тратил эквивалентінде. Бір жарғанда.

Еске салсақ былтыр Байзақ ауданындағы қару-жарақ қоймасында жойқын жарылыс болып 17 адам қаза тапқан еді. Төтенше жағдайдың себебі күні бүгінге дейін жарияланбай отыр. Бір әскери адам әлі күнге дейін табылмай жатыр. Жоғалған кіші сержант Дауытбаев Бауыржанды іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ.

Еркін Әбсадықов, 28349 әскери бөлімінің командирі:

– Топырақ үйінділерін елеу арқылы, електен өткізу арқылы іздеп жатырмыз. Бүгінгі таңда іздеу жұмыстары нәтиже беріп жатқан жоқ. Негізі басқа қаза тапқан адамдардың кішкентай заттарына дейін тауып жатырмыз. Біреудің кілті шығады. Біреудің құжаты шығады. Біреудің очкиі шығады. Іздеу жұмыстары жалғасуда. Тапқанша іздейміз.

Жоспарлы жару жұмыстары дүйсенбі мен жұма күндері аралығында жүргізіледі. Бұл жұмыстар 25 қарашаға дейін жалғаспақ. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә