ШҚО-да Қасым Қайсенов атындағы ауыл емханаға жарымай келеді

Дәрігерлер науқастарға бес қабатты үйдің екінші, үшінші қабаттарында қызмет көрсетуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кей тұрғындар бұл мәселенің шешімін таппауына аудан әкімдерінің жиі ауысуы себеп дейді. Аудан тұрғындары емхана жайын айта-айта шаршаған секілді. Олар қанша аудан әкімі ауысқаныменен, бұл мәселенің өзгермеген күйі қалып келе жатқанына қапалы.

Асхат Жұмарғалиев, Герасимовка ауылының тұрғыны:

– Неше жыл болды, аудан орталығы болып тұр. Қанша ауыл бар Ұлан ауданында. Көп қой ауылдар. Тайынты, Багратион. Бәрі алыс. Бәрі мұнда келеді. Әкімдер уәде береді. Саламыз, сөйтеміз, бүйтеміз, қатырамыз деп айтып кетеді. Бір-бірімен ауысып жатады. Болды. Ол әкімдердің түгі кетіп жатқан жоқ. Қиналып жатқан халық.

Халықтың шынымен де қиналып жүргенін, құрқылтайдың ұясындай дәрігерлік амбулаторияның 7 мың тұрғыны бар Қасым Қайсенов кентіне тарлық ететінін өз көзімізбен көрдік.

Азамат Қасым, тілші:

Қасым Қайсенов кентіндегі аурухананың тарлығы сонша, осылай қыстырылып өтуге тура келеді. Негізінде ауруханалардың көлемі 2 мың шаршы метр болу керек болса, бұл жерде 200 шаршы метр.

Мансұр Мақсұтов, Қайсенов кентінің тұрғыны:

– Өте ыңғайсыз. Іші тар. Адамдар кезекте тұрғанда балалар ауру жұқтырып алуы да мүмкін. Мында дәрігерлер саны аз.

Мүшелбек Батталова, Қайсенов кентінің тұрғыны:

– Ешқандай жағдай жасалмаған ауруларға. Пандемия болғанда дәлізде бір кісіге бір кісінің мұрны тиіп тұрды. Күндізгі стационар болған, оны алып тастады. Жататын орын жоқ. Алады да қалаға жібереді. Қалаға әркімнің жағдайы келе бермейді.

Дәрігерлер науқастарды қалаға жетіскеннен жіберіп жүрмегенін айтады. Себебі айналдырған 8 дәрігер күн сайын келетін 200-ге жуық адамды қабылдап үлгермейді.

Гаухар Сүлейменова, дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі:

– Бізде 6792 адам тіркеуде. Ғимараттың тарлығына байланысты көптеген науқасты қалаға жіберуге мәжбүрміз. Өйткені мұнда рентгендік зерттеулер жоқ. Ултра дыбыстық тексерулер жоқ. Жаңадан аурухана салынса, одан әрі ұмтыла жұмыс істеуге дайынбыз. Мемлекеттен жаңа аурухана сұраймыз.

Жаңа аурухананың салынуын дәрігерлер ғана емес, аудан тұрғындарының көпшілігі күтіп жүр. Олардың сенімі ақтала ма?  

Қуат Оқасов, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары:

Бұл мәселені жақсы білеміз. Тұрғындарға қиынға соғып жүргенін де түсінеміз. Жобалық-сметалық құжат әзірленді. Сараптамадан өтті. Жер бөлінді. Тиісті қаржы бөлінсе, 2023 жылы 150 орындық емхана салынады. Мұны аудан халқымен кездесуде облыс әкімі де айтты.

Жобалық-сметалық құжат әзірленгенімен, құрылысқа қажет қаражат әлі бөлінбеген. Ал 2023 жылдың басталуына небары жарты жыл уақыт қалды.

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин