СҚО-да жылқылар белгісіз індетке шалдықты

Қамбар ата төлінің қызуы көтеріліп, жөтеле бастаған. Тіпті кейбірінің маңқасы ағып, әлсіреп қалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ветеринарлар бұл не ауру екенін білмей дал. Әзірге малдан сараптама алып, Нұр-Сұлтан қаласына зертханаға жіберген. Самархан Сәдуақасовтың ауыл жылқысын бағып жүргеніне жеті жылдан астам уақыт болған. Ол Қамбар ата төлдерінің белгісіз індетке шалдыққанына бір аптадай болғанын айтады. Уақыт өткен сайын ауру малдың саны артып барады.

Самархан Сәдуақасов, жылқышы:

Жөтелден басқа маңқасы ағады. Сосын әлсіздік болады. Ширақ қимылдамайды. Яғни баяулап, бәсеңдеп қалады. Бұрын ауру болатын сақау деген, жылқының ауруы. Ол бүкіл жерде болатын ауру. Биыл бізде сақау белгілері көрінген жоқ. Жылқышылармен хабарластым. Оларда да осындай жөтел.

Әзір мұндай ауру Есіл ауданында тіркелді. Ветеринарлар бірден жылқылардан сынама алып, елордадағы зертханаға жіберді. Оның қорытындысы бірнеше күннен кейін дайын болады.

Берік Әлжанов, облыстық ветеренария басқармасының басшысы:

– Мұндай белгі бойынша бірнеше аурудың түрі болуы мүмкін. Өкпенің бронхиты, сонымен қатар гирменттер қоздыратын аурулар. Жұқпалы ауруларға қарсы біз кеше материал алып зертханаға жібердік, диогноз қою үшін. Егерде қандайда бір жұқпалы ауру болатын болса, диагнозы нақтыланғаннан кейін, әрі қарай нақты іс-шараларды жүргіземіз. Ал қазіргі кезде біз симптоматиялық түрде ем жүргізіп жатырмыз.

Бастысы әзір мал шығыны жоқ. Қазір облыс бойынша нақты қанша жылқының осындай індетке шалдыққаны да белгісіз. Ал сараптама қорытындысы жұқпалы ауру екендігін растаса, онда аудан мен ауылдарда шектеу шаралары енгізілуі мүмкін. Айта кету қажет өңірде малдардың басқа түрі мұндай аурудан құлан таза.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов