Абай облысының аумағы бекіді

Шығыс Қазақстан облысы бүгіннен бастап Семей өңірінсіз дамиды. Осылайша бұрын  бір жерден басқарылған екі аймақ енді өз еншілерін алып, шекарасын шегендеп көрші облыстарға айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті, түтін санын түгендеп те үлгерді. Абай облысында 638 мыңнан астам адам тұрса, Шығыс Қазақстанда 717 мыңнан асады. Аумақ жағынан Абай облысы ауқымды.185 мың шаршы шақырым. Еншісі туралы айтсақ Абай облысының территориясында  әлеуеті әуелеген, бір жазда миллионнан астам турист демалатын Алакөл, өндірістік қарқыны мықты  Ақтоғай, Бақыршық, Жезкент кен орындары  кіреді.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

- Соңғы жеті жылда жаңадан құрылған Абай облысының қалалары мен аудандарына 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл қаражат  өңірдің дамуына тың серпін береді. 2015 жылдан бері ол өлкеде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 5 есе өсті. Яғни 184 миллиард теңгеден қазір 898 миллиард теңгеге жетті.Оның үстіне Ақтоғай, Бақыршық секілді ірі кен орындары мен Алакөлдің Абай облысы аумағында болуы аймақ экономикасын көтеретіні  сөзсіз.

Бұдан бөлек, шаһарда қазір 200 шағын кәсіпорын мен 13 ірі өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Дегенмен  Семей қаласының инфрақұрылымы тым нашарлап кеткені жасырын емес.Талай жазылып та, айтылып та жүрген жайт. Енді  жеке бюджеттік қамтуға көшсе, осы қордаланған мәселе түйіні шешілер деген үміт бар халықта. Ал рухани тұрғысынан алғанда Абай облысының құрылуы  Ұлы ақын шығармасын насихаттауға кең мүмкіндіктер ашады дейді мұндағы әдебиет жанашырлары.

Құсмилия Нұрқасым,  мәдениеттанушы:

- Семей облысы Шығыс Қазақстанға қосылғанда да болған адаммын.Бүгінгі күні  Семей ШҚ  құрамында тұрып өз миссиясын орындады деп есептеймін. Президент Тоқаев өзінің «Абай және 21 ғасыр» мақаласында Абайға ерекше орын берген,Абайды әлемге насихаттау керек деген, жаңа облыс сол міндетті атқарады деп ойлаймын.

Өскемен де ештеңеден кенде қалмайды дейді сарапшылар. Өңірдің  Қатонқарағай, Бұқтырма,ұлттық парк сынды туристік тартымдылығы өз алдына.Берел сынды тарихи жәдігері бір төбе.Бұдан бөлек,өндірісті  шаһарда ТМК,ҮМЗ КАЗцинк сынды алпауыт кәсіпорындар жұмыс істеп тұр.

Галина Казанцева, сарапшы:

- Бұл өзгерістен қорқуға болмайды.Енді әр облыстың өз бюджеті бар деген сөз.Салмақ азайып әр өлкеге қажетті жобаларды іске асыруға мүмкіндік туады.Дегенмен көрші Абай облысымен жылы қарым- қатынас жалғаса береді деген үміттеміз.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Сонымен елдің шығысында енді екі облыс.Қос өңір қарқынды дамыса мұндағы жұрт кенжелеп қалмасы анық. Әлеумет әлеуеті күшейер деген сенім мол. Ал рухани  байланысты ешбір шекара сызығы үзе алмасы анық.Мәселен Ұлы Абайдың мұрасы ортақ, тіпті екі өлке үшін емес, бүкіл ел үшін.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов