Қатон-Қарағайдағы ауыл халқы өзен суын ішіп отыр

Қатон-Қарағайдағы ауыл халқы өзен суын ішіп отыр

Қатон-Қарағайдағы Балғын ауылының тұрғындары өзен суын ішіп отыр. Ондаған жылдан бері шешілмей келе жатқан ауызсу мәселесі жергілікті жұртты әбден титықтатты. Шөбі шүйгін, шұрайлы жерде орналасқан аядай ауылдың күйін кетірген осы олқылық қашан шешіледі?

Балғын ауылының тұрғыны Сарқытбек ақсақал жетпістен асса да күнделікті тірлігі осы. Таң атса болды шелегін алып іргедегі өзенге жүгіреді. Бау-бақшаға қажеттісін де, ауыз суды да осы ағын судан тасиды. Дән ексең болды, жеміс өсетін ауылды тек ауыз судың тапшылығы қажытып жіберген. 

Сарқытбек Мәмиұлы, Балғын ауылының тұрғыны:

- Өрікті көрікті жер міне тоғайы бар міне жеміс-жидек бәрі бар, тек ғана бір ауыз суға тоқтап тұрмыз, шіркін, ауыз су болса халық риза.

Су іздеп кеткен үлкен кісінің денсаулығына алаңдаған Бағила апамыз жол қарайлаумен отырады. 

Ақсақалды арықтағы судың азайып кеткені де қинап жүр. Сондықтан бау бақшам кеуіп қала ма деп те қауіпттенеді. Әзірге жыраны жағалап әупірімдеп әкелген суды үнемдеп қолдануға мәжбүр. 

Қарттар көршілерден көмек күтпейді. 90 адам тұратын ауылдың басым тұрғыны егде жастағылар.

Ауылдық округ әкімнің айтуынша, биылғы жаз «осы елді мекенннің орталық ауыз сусыз өткізетін соңғы жазы» болмақ. Жақында Балғында су құбырын тарту құрылысы басталады. Ол үшін бюджеттен 65 миллион теңге бөлініпті. 

Раджан Ілиясов, Үлкен Нарын ауылдық округінің әкімі:

- Жақында осы Балғын ауылына орталық, шеткі, көшелер мен мектеп жаққа колонка қойылады. Әрбір көшеге колонка қоямыз деп отырмыз. Үйлеріне адамдар ақырын-ақырын қоса бастайды. Су мөлшері жеткілікті болса, адамдарға су қосамыз. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Балғынның тірлігі міне осы Балғын өзеніне қарап тұр. Қазір сарқырап жатқан ағын су қыста сіресіп қатып қалып, жағдайды қиындатады. Өйткені мұзды ойып тұрып таза су алуға тура келеді. Көрші жатқан 300-ден астам тұрғыны бар Көктерек ауылында да осындай жағдай. 

Жалпы қазір ауданда 5 ауылдағы ауыз су мәселесі өзекті. Ол Майемер, Қайыңды, Өрнек, Қызылжұлдыз және Балғын. Сонымен қатар Топқайың ауылында бұл тұрғыда үлкен жоба атқарылуда. Жоспар бойынша алдағы 4-5 жыл ішінде Қатон-Қарағайда «ауыз суға зәру ауыл» қалмауы керек.

Ділдар Қалихан, Қатон-Қарағай ауданының әкімі:

- Осыдан отыз жыл бұрын құбырлар бар, құбыр болғаннан кейін уақыты келеді, қысымыз ұзақ, суық болады, жер қатады, жылдағы тозуға байланысты көп ауылдарда қазір құбырлар тозып тұр. Мына мүлдем істемей қалған ауылдарға былтыр 3 ауылға блокты модульді станция орнаттық. Дегенмен, заман талабына сай әр тұрғын өзінің үйіне жеке кіргізгісі кеп талап қойып сындай оймен. Алдағы бір кем дегенде 4-5 жылда толық әр ауыл осындай қарқынмен жүрсек, барлық ауылда су құбыры жөнделіп бітетін болады.

Әзірге ауыз судан таршылық көріп отырған ауылдықтар табиғат берген өзен-көлдер мен бұлақ-бастаулардың көптігіне шүкір деп жүр. Артезиан суының жақындығы да бір сеп болған. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов