Алматыда тұрғын үй кешенінен пәтер алғандар құрылыс сапасына наразы

Алматыдағы «Драгон сити» тұрғын үй кешенінен пәтер алғандар құрылыстың сапасына наразы. Пәтер кілттері былтыр берілсе де әлі күнге дейін шаң мен қоқыстың ортасында өмір сүруге мәжбүрміз дейді тұрғындар. 

Былтыр қараша айында толық пайдалануға берілді деген үш көп қабатты үйдің бүгінгі келбеті осындай. Комфорт санаттағы кешенде 600-ге жуық пәтер бар. Құрылыс әлі тоқамағандықтан мұндағылардың мазасы кетіп отыр. Ұқыпсыз сырланған қабырғалардың бояуы есік-терезеге де шашалыған. Шаң басқан кіреберістегі өрт гидранты қосылмаған. Электр желілері де ашық жатыр. Екі бөлмелі пәтерді 20 миллион теңгеге сатып алған тұрғынның бірі Дархан Сағынбек.

Дархан Сағынбек, қала тұрғыны:

- Бізге ең бастысы қауіпсіздік. Осында ауа алмастыру жүйесі жұмыс істеу керек, өрт кезінде шығатын есік болу керек. Егер ертең Құдай сақтасын мына жатқа өрт болатын болса біз мына жақтан шыға алмаймыз.

Қара сылақпен сатылған пәтерлердің іші де мәз емес. Терезелер дұрыс шығарылмағандықтан бос орын мақтамен толтырылған. Ал төтенше жағдай кезінде керек болатын балкондағы баспалдақтарды бітеп тастапты.

«Көп қабатты үйлерді салған мердігер компания екі жыл кепіл бойынша кемшіліктерді жөндейді», - дейді жауаптылар.  

Алмас Түлеков, "Эдем ЛТД" ЖШС өкілі:

- Пәтерлер қара сылақпен сатылғандықтан қазір әр пәтерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысшылардың жауапсыздығынан кіреберістегі қабырғалар кірлеп, плиталар сынған. Өрт гидранты сынды заттар қазір орнатылмайды. Пәтерлердегі жөндеу жұмыстары біткен соң қажетті заттар орнатылып, кіреберіс қайта жөнделеді.

Ауланың келбеті де жобадағыдай емес, дейді жұрт. 600-ге жуық пәтер үшін шағын ойын алаңы ғана жасалыпты. Есесіне дүкендер көп.

Ақмарал Назирова, қала тұрғыны:

- Тоғыз қабатты үш үйге кіретін жол біреу ғана. Оның өзі биік орналасқан. Сол жерде бірнеше рет көліктер соғылды. Оны полиция келіп тіркеді. Ал жерасты көлік тұрағының орнына сауда орталығын салып жатыр.

Құрылыс компаниясының өкілі болса жерасты тұрағының салынатынын, бірақ оны қосымша қаражатқа сатып алу керектігін айтты. Ал жедел сатыны қосу үшін тұрғындар қызмет көрсетуші компаниямен келісім-шарт жасауы керек екен. 

Аршын Кемелжан, тілші:

- Құрылыс компаниясының мәліметінше, тұрғын үй пайдалануға берілген жарты жылдан бері тұрғындардың тарапынан айтылған кем-кетіктер дер кезінде жөнделіп жатыр дейді. Яғни мүгедектерге арналған пандустар қайта жасақталған. Ал қарайған қабырғалар мен сынған плиталар пәтерлердегі жөндеу жұмыстарынан кейін қайта жөнделеді, дейді.

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов