Семей қаласы ресми түрде Абай облысының әкімшілік орталығы мәртебесіне ие болды

Бүгіннен бастап Семей қаласы Абай облысының әкімшілік орталығы мәртебесіне ие болды. Жаңа облысқа жаңа әкім әлі тағайындала қоймаса да жетінші шақырылымдағы мәслихат депутаттарының алғашқы сессиясы өтті. 

Сарапшылардың айтуынша, жаңадан белгіленген Абай облысының аумағында соңғы 7 жылда өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі 5 есе өскен. Сонымен қатар аумағы 1,5 млн шаршы метр болатын тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Қайта құрылған облыс болашақта Семей қаласын кешенді дамыту жоспары аясындағы дайын жобаларды да жүзеге асыруы тиіс...

Семейліктер бұл күнді 20 жылдан астам уақыт бойы күтті. Міне енді жұрттың аңсаған арманы орындалып, қала облыс орталығына айналды.

«Жеке бюджетінің болуы өңірдегі ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді оңынан шешуге жол ашады», - дейді сарапшылар. Алдағы уақытта мұнда жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы 25 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Соның арқасында 7 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Әсемқан Досқожанов, облыстық мәслихат депутаты:

- Менің енді өзімнің ойым, бірінші экономика. Экономикамыз дұрыс болса, бізде басқа салалар да жақсы болады. Мектептер де салынады, балабақшалар да салынады. Көшелер де жасалынады.

Айнаш Әменова, облыстық мәслихат депутаты:

- Барша Абай облысының тұрғындарын бірінші кезекте Абай облысының құрылғанымен құттықтаймын шын жүректен. Ең бірінші кезекте біз Президентімізге алғыс білдіреміз. Халықтың талабын орындап, осындай Абай облысының құрылып жатқанына қуаныштымыз. Көптеген енді өзгерістер күтіледі деген ойдамыз.  

Депутаттық корпустың бірауыздан қабылдаған шешімімен Жарма ауданының тумасы Қуаныш Сүлейменов мәслихат хатшысы болып сайланды. 

Қуаныш Сүлейменов, Абай облыстық мәслихатының хатшысы:

- Ең бастысы осы облыстың қандай өткір мәселелері бар екенін білу үшін ол облыстың халқымен кездесу керек менің ойымша. Сосын экономикалық жағдайын қарау керек. Оның нұсқасын жасау керек. Алдағы 2-3 жұманың ішінде оның бәрін талқылағаннан кейін бағдарлама жасау керек.

Өңір тұрғындары Абай облысы әкімінің тағайындалуын асыға күтіп отыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің күшімен мұнда соңғы жылдары көптеген инфрақұрылымдық түйткілдердің оңынан шешілгенін де айта кетейік.