Жаз шыққалы өңірлерде балалардың суға кетуі жиілеп барады

Күннің көзі жылып, жаздың шыққаны жақсы. Бірақ балалар суға кетіп жатыр. Соңғы бір аптада Шымкент пен Қызылордада 15-16 жастағы жеткіншектер опат болды. Кеше Каспий теңізіне батып кеткен жас жігіттің мәйіті бүгін  табылды. Ақтөбе облысында да өткен демалыс күндері 3 бірдей періште суға кеткен.

Бұған кінәлі кім? Сырттан жау келген жоқ қой.

Ақтөбе облысында үш бүлдіршін Ырғыз өзеніне батып кеткен. Қайғылы оқиға Ақши ауылы маңында болды. Құтқарушылардың айтуынша, жағалауда ойнап жүрген 4-5 жасар балалардың бірі шомыламын деп суға тускен. Оның батып бара жатқанын байқаған қасындағы екі досы құтқармақшы болыпты. Ал төртінші бала бір шақырым жердегі ауылға көмекке жүгірген. Алайда балалардан көз жазып қалған ересектер дер кезінде жетіп үлгірмепті. Қаза болған үш баланың екеуі ағайынды.

Жанболат Төлепбергенов, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

- Ақши ауылының тұрғыны жағажайға жеткенде балаларды құтқаруға кеш болған. Су қатты терең емес, бір метр 30 см шамасында. Құтқарушылар мен дәрігерлер келгенше мүрделерін жағаға алып шыққан.

Шымкентте жасөспірім Ақбұлақ арнасына батып кетті

Шымкентте оқыс оқиға Ақбұлақ арнасында болыпты. Табиғат аясына шыққан үш дос рұқсат етілмеген жерде шомылған. Суға секірген 16 жасар бозбала жағаға оралмаған. Марқұмның денесін судан жақын маңдағы ауыл тұрғындары алып шықты. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар суқойманың табанын зерттеп, қауіпті зат таппаған. Ағысы да қатты болмағанымен судың тереңдігі 3 метр. Қолдан жасалған көлшікке мамандар шомылуға тыйым салды. 

Нұржан Қаракөзов, Шымкент  қ. Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығы: 

- Ол жерде жасөспірім үш кісі болған. Қасындағы екі кісі көмек көрсете алмаған. Қазіргі таңда ол каналды толыққанды залалсыздандырып, ол каналды жаптық. Ол жерде қазір шомылмайды. Тыйым салынған тақтайшалар белгілері орнатылды.

Ақтауда суға кеткен жігіттің мәйіті табылды

Ақтауда кеше суға кеткен жас жігіттің денесі бүгін таңертең 6 метр тереңдіктен табылды. Іздестіру шаралары 7 маусым күні жергілікті уақытпен 16:30-да басталған болатын. Құтқарушылардың айтуынша, «Самал-2» шағын ауданы маңындағы жағажайға 2 ер адам шомылуға барған. Жастар сол жерде «Тикток» әлеуметтік желісіне қызықты видео түсірмек болып, теңізге секіреді. Өкінішке орай, 18 жастағы Боранқұл аулының тұрғыны сол күйі теңізден шықпай қалады.

Жандос Кенжебаев, Ақтау қалалық ТЖБ Басшысы:

- Бейнеу ауданының тұрғыны болып анықталды. Ол өнер колледжінің 1-курс студенті екен. Іздестіру жұмыстарына ТЖД 20 қызметкер жұмылдырылған болатын. Таңғы сағат 07:30-да жағадан 10 метр жерден табылды.

Саяхаттап барып, суға кетті

Қызылорда облысындағы Қорқыт ата кесенесіне саяхаттап барып, жоғалып кеткен баланың мүрдесі екі күннен кейін табылды. Қайғылы оқиға 6 маусым күні Қармақшы ауданында болған. 15 жастағы жасөспірім ата-анасымен бірге Нұр-Сұлтан қаласынан келген. Кесенеге барған кезде белгісіз себептермен жасөспірім жоғалып кеткен. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар оны жақын жердегі Сырдария өзенінен іздестіре бастаған. Бүгін таңертең баланың мәйіті судан табылды. Оқиғаның мән-жайын полицейлер анықтап жатыр.

Асхат Тоғызбаев, ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

- Облыс аумағында бүгінгі күнге дейін жыл басынан бері 11 адам суда қаза болып отыр. Оның бесеуі бала. Оның себептері ішімдік ішіп суға түсуі. Сонымен қатар балалардың ата-ана қарауынсыз суға түсу фактілері тіркеліп отыр. Қала аумағында орналасқан 55 мектептің күнделікті ата-аналар мен мұғалімдерге, сонымен қатар балаларға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Павлодар облысында  қауіпсіздік мектебі де ашылды

Мұнда балаларға судағы қауіпсіздік ережесін үйретеді. Жоба бойынша оқушылар апта сайын екі сағаттық сабаққа  қатысады. Мектеп оқушылары медицина апаттары орталығы, азаматтық қорғаныс саласы мамандарымен кездесіп, адамдарды құтқару дағдыларын меңгереді. Мамандар оқушыларға өзен-көлдерде болатын оқыс оқиғаларда шұғыл әрекет ету ережелерін түсіндіреді. Себебі өткен шомылу маусымында алты жеткіншек суға кеткен. Дәрігер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсету тәжірибе жүзінде көрсетіледі. Мектепке ересектер де келе алады. Құтқарушылардың айтуынша, үлкендердің өзі қарапайым қауіпсіздік ережелерін білмейді.

Теміржан Танжанов, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

- Судағы қауіпсіздік қағидаларын үйрету үшін және дәрігерге дейінге бірінші көмек көрсетуге үйрету үшін және төтенше жағдайлар аз болу үшін. Өйткені біздің үлкендеріміз де осы қауіпсіздік ережелерін білмейді.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Қайғылы оқиғаға душар болғандардың дені қауіпсіздік ережелеріне енжар қарап, рұқсат етілмеген жерде шомылады. Сондықтан мамандар арнайы жабдықталған жерде ғана демалған дұрыс дейді. Және әрбір жағажайға қойылатын қатаң талап та бар. Жағалауда құтқарушылар мен алғашқы медициналық көмек көрсете алатын мамандар болуы шарт. Суда жүзетін қайық, құтқару дөңгелегі сияқты құралдар да қол астында болуы тиіс.