Түркістан облысында жолдың бетоны көтеріліп кетті

Түркістан облысында «Батыс-Қытай - Батыс-Еуропа» күрежолының бір бөлігі көтеріліп кетіп, жүргізушілер жолдан өте алмай қалды.

Бұл жағдай кеше кешкісін «Самара – Шымкент» тасжолының бойындағы Төрткөл кенті аумағында болды. «Қызылорда – Шымкент» ақылы учаскесіндегі цемент-бетон плитасы көтеріліп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған мәселеге қатысты «ҚазАвтоЖол» мекемесінің өкілдері ресми мәлімет таратты. Айтуларынша, жолдың бұлай бұзылуына күннің қатты ысуы себеп болған. Қазір жауапты мердігер компания жолды уақытша қалпына келтірді. Қажетті жол белгілері орнатылды. Ал, жергілікті полиция қызметкерлері көлік кептелісін болдырмау үшін кезекшілікпен жұмыс істеді. Тәртіп сақшылары облыс аумағындағы жолдың 11 мың шақырымына тексеру жүргізіп, 5 мыңға жуық кемшілікті анықтаған. 73 қауіпті аймақ есепке алынған. Ісіне салғырт қараған 194 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қуатжан Жұматаев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры:

- Бетонның көтеріліп кетуінің басты себебі - күннің қатты ысуы. Бұндай жағдай бұған дейін де бірнеше мәрте болды. Мәселен кеше ауа темпаратурасы +41 градусты көрсетті. Ыстықтан бетон қызып, көтеріліп кетеді. Кеше кешкі 19-00-де бетонның бәрін алып, тазалап, көліктердің өтуіне жағдай жасадық, Ал түнгі 2-де жол толық қалпына келтірілді. Қазір кедергі жоқ. Жол ашық.