Петропавл іргесінде орналасқан Шаховское ауылында жол жоқ

260-тан астам түтіні бар елді мекеннің тұрғындары өркениеттен сырт қалған,  деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейінгі 30 жылда ауылға апаратын күре жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүрмеген. Билік жылда құрғақ уәдемен сендіріп келеді. Ауылдағы ағайынның базынасын аймақтағы әріптесім Самат Қайырденұлы тыңдап қайтты.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Шаховское елді мекені облыс орталығынан 14 шақырым жерде ғана орналасқан. Қыстың өзін айтапғанда, жазда бұл ауылмен байланыс қиындайды. Автобус жиі қатынамайды. Ал такси жүргізушілері осы аралыққа небәрі үш мыңнан бес мың теңге көлемінде ақша алады. 

Қала іргесіндегі ауыл тұрғындары еліміз егемендік алғалы осы мәселені көтеріп келеді. Себебі шұрық-тесік жол жергілікті халықты әбден мезі қылған. Ал жаңбырда көлікпен жүрудің өзі қиын.

Кубар Ахметова, Шаховское ауылының тұрғыны:

- Мұнда көшіп келгеніме 8 жыл болды. Ұлым қалада жұмыс істейді. Жылда күзде күз  -көктемде әкім келеді де,  мәселе шешіледі деп уәде беріп кетеді. Қателеспесем 8 жылда 8 әкім ауысты. Осыдан екі жыл бұрын орташа  жөндеу жұмыстарын жүргізгендей болған еді. Бірақ ол қуаныш көпке созылмады.

Шаховское 260-тан астам түтіні бар ауыл. Жергілікті халықтың басым бөлігі қалада жұмыс істейді. Жолдың жоқтығынан жедел-жәрдем қызметі де уақытында келмейді.  Әзір тақтайдай жол бұл ауылдың халқына арман болып тұр.

Татьяна Сухачёва, Шаховское ауылының тұрғыны:

- Қалаға барып келуіміздің өзі мұң. Көлігіміз жиі сынады. Әне- міне жөндейді деп айтады. Бірақ жабулы қазан сол күйінде тұр. Негізі биыл мамырда шарулар басталуы тиіс еді. Ал қазір маусым айының ортасы болды. 

Жергілікті әкімдік өкілдері жұмыстар келер апта басталады деп тағы сендіріп отыр.

Алма Нұрғалиева, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

- Аз ғана қалды. Шыдаңыздар. Орташа жөндеу жұмыстары басталады. Ол үшін 118 млн теңге бөлінді. Күрделі құрылысқа да  біраз уақыттан соң қосымша қаражат бөлінеді.

Мамандар қазір жалпы жолды екіге бөлген. Яғни жартысына жуығы қайта жаңартылады. Қалғаны орташа жөнделеді.

Мақсат Баяхмет, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Биылға күрделі жөндеуге әзір 150 млн теңге қарастырылған. Егер ауа-райы жақсы болса, қосымша қаржы бөлінуі мүмкін. Жалпы осы жолды жаңғырту үшін шамамен 900 млн теңгедей қаржы  қажет.

Жоба екі жылдық.  Ал, биыл болса тек үш шақырымдай ғана жол қайта жаңартылатын болады.

Авторы: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов