Ақтөбеде жұмысшылар бірнеше ай бойы жалақысына қол жеткізе алмай жүр

Ақтөбеде жол салатын компания жұмысшылары бірнеше ай қатарынан жалақы ала алмай келеді.

Маңдай термен тапқан нәпақасына зар боп жүрген жандар ел үкіметіне ашық хат жолдаған.

Айтуынша, серіктестік басшылығы шамамен 4 жарым миллион теңге қарыздар. Бұдан бөлек соңғы 3 жыл бойы зейнетақы қорына төлем жасалмаған. Алайда жұмысшылар арнамыздың тілшілерімен жүздесіп, сұхбат беруден бас тартты. Ал облыстық еңбек инспекциясы өкілдері болса бұл мәселеге қатысты тексерудің қорытындысы шыққандығын мәлімдеді. Қазір іс сот орындаушыларының құзыретінде. Дер кезінде жалақы төлемеген мекеме басшылығына айыппұл салынған.

Ақылбек Зейноллаұлы, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының бөлім басшысы:

- Ұжымдық бірнеше арыз келіп түсті. Сол ұжымдық арызды тексеру мақсатында мемлекеттік еңбек инспекторы екі рет әкімшілік іс қозғап, 14 қызметкерге тиесілі 4 млн 509 мың 300 теңгені өндіру бойынша нұсқама берді. Қазіргі таңда сол нұсқаманы мәжбүрлеп орындату жөнінде жеке сот орындаушыларға жіберілді.