Іленің Балқашқа құяр тұсы тайыздана бастаған

Балқаштан балық аулауға салынған тыйым бүгін аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ертеңнен бастап жұрт жаппай су маржанын сүзуге кіріседі. Алайда айдын көлден несібесін айырып отырған халық алаңдап отыр. Себебі Іле өзенінің Балқашқа құяр тұсы тайызданып, балық та азайып кеткен.

Іленің Балқаш көліне құятын жердің тереңдігін өлшеп жатырмыз. Міне, шамамен қазіргі таңда бір метр.

Сейітжан Сатанов бала кезінен балық аулаумен айналысады. Аймақты бес саусағындай білетін ол Іленің Балқашқа құяр тұсы қашан тереңдетілгені есімізде жоқ. Көп жылдан бері көңіл бөлінбегеннен өзен мен көлдің қосылған жеріне құм жиналып, кемелердің табаны тиетін болды, дейді.

Сейітжан Сатанов, балықшы:

Кемелер шыға алмай қалады. Алысқа кетіп қаламыз. Сол кездерде қиын бірімізді-біріміз сүйретіп, кешке ұрынып қаламыз, желге ұрынып қаламыз. Ауа-райы құбылмалы ғой жел болғаннан кейін.

Аймақтағы 18 шаруашылық Балқаш көлінен балық аулайды. Соның төртеуі Құйған ауылында тіркелген. Олардың қолданып жүрген техникалары ескі. Тіпті кейбірі зауыттан жарты ғасыр бұрын шыққан. Сондықтан балықшылар жыл сайын науқан алдында кемелерді жамап-жасқап, қозғалтқышын жөндеп, жарамсыз бөлшектерін ауыстырады. Қазір де солай істеп жатыр.

Ерден Тілеубаев, балықшы:

Қазақстанда жаңа қайық шығару керек қой. Қашанғы ескі көлікпен жүре береді. Жаңадан шығарып жатса, мынаны тастап жақсы болады ғой. Балықшыларға кішкене жеңілдеу болады ғой. Таза жүресің майға түспейсің.

Биыл Балқаш көлінен 5 мың тоннадан аса балық аулауға рұқсат беріліп отыр. Ертеңнен бастап балықшылар үйреншікті жұмысына кіріседі. Науқан алдында олар Іле өзені мен Балқаштың қосылған жері қайраңданып қалғанын көтеріп, шаруашылық атынан әкімдікке хат жазған.

Ғалымжан Тықыров, Құйған ауылдық округінің әкімі:

– Сол хатпен шыққаннан кейін бұл кісілерге су тазалау арнасын тазалауа ұйыммен бір-бірімен келісімшартқа отыруға және кездестіруге ықпал жасадық. Соның нәтижесінде ауызша келістік. Егер ол кісілер уақытында бітсе ол кісілер Іле арнасын теңізге шығар тұсын тазалап береді.

Бұл жұмыстар күзде дейін жасалуы керек. Өйткені су тартылғанда кемелердің Балқаш көлінен өзенге қарай өтуі тіпті қиын болады, дейді балықшылар.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов