Қызылордада 76 адам ит-мысықтан ауру жұқтырған

Өңірде биыл 76 адам қаңғыбас ит-мысықтан дерматомикоз жұқтырған. Бұл былтырғыдан бір жарым есеге көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан санитарлық мамандар жеке гигиеналық тазалыққа көңіл бөліп, жабайы жануарлардан аулақ болуға шақырады.

Қамбар Бекенов, тілші:

– Ауру қалай шығады? Алдымен осы сауалға жауап іздесек. Қызылордадағы көпқабатты үйлердің жертөлесі мен шатырында бұралқы ит-мысық толып жүр. Солардың тастап кеткен нәжістері құмға, топыраққа сіңіп қалады. Аулада ойнап жүрген бала-шаға соны ұстайды. Сондықтан да дерматомикоз жұқтырғандардың дені 14 жасқа дейінгі бала екен. 

Жанат Ысқақова, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы:

– Осы 14 жасқа дейінгі балалардың ішінде ең көп 48,7% мектеп оқушыларының арасында тіркеліп отыр. 15,7% балабақша балалар арасында. Қызылорданың Шаңқай бөлігі, Тасбөгетте өте көп тіркеліп жатыр, Маханбет ауылында, Титов қыстағы сол маңдарда өте көп тіркеліп жатыр.

Бұралқы иттен қауіп көп. Алайда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес бүгінде қаңғыбас иттерді аулау және жою жұмыстары тоқтатылған. Сол себепті болар соңғы уақытта көше кезген төртаяқты көбейіп кеткен.   

Кешке осы жердің барлығын жаулайды. Түрі жаман, адамның зәресі ұшады. Ол ертең біз шықсақ, талап жепте қоятын шығар кішкентай балаларды. Мысық та көп бұл жерде.

Құдай сақтасын, біз аңдып отырамыз балаларымызды. Әйтпесе, көп ит, мысық та жүр.

Енді дерттен қалай қорғанамыз? Бұл ретте мамандар қаңғыбас ит-мысыққа жоламау керектігін айтады. Үйге кірерде шаң-тозаңнан арылып, дереу киім ауыстырған жөн. Дерматомикоз күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар арқылы, ауру адаммен байланыс орнатқанда да жұғады. 

Жанат Ысқақова, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы:

– Ең бірінші ауырған кезде денелерінде қызарып, бөртпелер шаш бөліктерінде ақ қабыршақтар. Шаштың қиылып түсуі секілді белгілер пайда болады. Негізі қызыл нүкте болып басталады. Сол жәймендеп асқынған түрінде іріңді болып асқынады.

Ал бұл мезгіл таңдамайтын тері ауруы асқынса миға да кері әсері бар екен. Сондықтан дерттің алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу дерматологқа бару керек. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев