Димаштың канадалық жанкүйерлері қайырымдылық шарасын ұйымдастырды

Димаш Құдайбергеннің канадалық жанкүйерлері балаларға психологиялық көмек көрсететін Kids Help Phone қайырымдылық ұйымына қаражат жинап берді.

«Бізді Димаштың жастарды үнемі қолдап, көмектесіп жүретіндігі ынталандырды», – дейді жанкүйерлер. Олар қайырымдылық шарасын әншінің туған күні қарсаңында қолға алған. Осылайша шамамен 440 130 теңге жинады. «Қазіргі уақытта жастар COVID-19 пандемиясының салдарымен күресіп жатыр және біздің сенім телефонымызға жиі жүгінеді. 2019 жылмен салыстырғанда қоңыраулар саны 137 пайызға артты. Сондықтан, біз Dears-тің бұл көмегі үшін өте ризамыз. Біз Канададағы бірде-бір бала қиын уақытта жалғыз қалмайтынына кепілдік береміз. Сіздің көмегіңіз балалардың өмірін сақтайды!» – деп алғыс білдірді Kids Help Phone командасы қазақ әншісінің жанкүйерлеріне.

Айта кетейік, Kids Help Phone – Канададағы жалғыз қайырымдылық ұйымы. Ол ел жастарына құпия психологиялық көмек көрсетеді. Ұйым ағылшын және француз тілдерінде аптасына жеті күн, тәулік бойы жұмыс істейді. Өткен жылы ұйым Канаданың түкпір-түкпіріндегі 5 млн астам балаға кеңес берген.