Алматы облысындағы ұлттық паркте долана көбелегі қаптап кеткен

«Алтын-Емел» ұлттық паркіндегі тау шатқалдарында долана көбелегі көбейіп кеткен.

Бұл туралы бейнежазба «Алтын-Емел» табиғи паркінің Instagram-дағы парақшасында жарияланды. «Көбелектер гүлдердің шырынымен және жердегі ылғал тамшыларымен қоректенеді», – делінген әлеуметтік желідегі парақшада. Ұлттық парк мәліметінше, долана көбелегі – ақкөбелек тұқымдасына жататын зиянды жәндік. Көбінесе жеміс ағаштарын зақымдайды. Сондай-ақ жақында көбелектер жұмыртқа салады, одан шыққан жұлдызқұрттар ұлттық парктегі алма, өрік, долана, алмұрт, итмұрын сияқты өсімдіктердің жапырақтарына зиянын тигізетіні жазылған.