Әкім бол, халқыңа жақын бол

Президент жарлығымен Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Ұсынылған кандидаттарға мәслихат депутаттары дауыс берді. Сайлау Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында өтті. 

Жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен облыстық, қала мен аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Алматы облысының әкімі лауазымына кандидаттар Батыржан Байжұманов пен Марат Сұлтанғазиев ұсынылды. Алдымен үміткерлер облысты дамытуға арналған бағдарламаларын таныстырды. Оларға дауыс беру ашық түрде өтті. Жиынға қатысқан 188 мәслихат депутатының басым бөлігі Марат Сұлтанғазиевті қолдады. Марат Елеусізұлы бұған дейін Қаржы министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Бағдәулет Нығметбекұлы, Алматы облыстық мәслихатының депутаты:

- Бәрі қолдады. Бәрі дауыстарын берді. Өзі білікті маман болғаннан кейін үлкен мекемелерде басшы болған. Мен ойлаймын өзінің туған жеріне, Алматы облысына, өңірді дамытуға үлкен іс, еңбек етеді. Біз көмектесеміз.

Халық қалаулылары сайлап, президент тағайындаған жаңа облыстың жаңа әкімі Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының тумасы. Өңірмен жақсы таныс. Облыс орталығының тұрғындары да игі өзгерістерді күтеді. Ең бастысы, әкім халыққа жақын болса дейді.  

БЛИЦ:

- Жан-жақтан халық та келеді. Жаңадан үйлер салынуы керек. Көп құрылысы жүргізілуі керек деп ойлаймын енді.

- Халықтың жағдайын жасауы керек деп ойлаймын. Халықтың айтуы болды ғой, мысалы. Соның  барлығын тыңдап, халыққа қарап жасаса деп ойлаймын.

Жалпы жаңадан құрылған Алматы облысында 1 млн 400 мыңнан аса халық тұрады. Облыс құрамына Қонаев қаласымен қатар Қарасай, Жамбыл, Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Іле, Талғар мен Балқаш аудандары кіреді.

А. Садуақас, Н. Жақсыбаев