Теміртаудағы апатты зерттеу үшін тәуелсіз сарапшылар тартылды

Теміртау қаласындағы қайғылы жағдайдың анық-қанығын зерттеуге тәуелсіз сарапшылар тартылды. Қазір олар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Кеше металлургиялық комбинатта апат болып, 4 адам қаза тапқан еді. Жедел комиссия құрылып, оның жұмысын мемлекет басшысы тікелей бақылауына алды.

Комиссия нәтижесі қашан шығады, қара жамылған отбасыларға қандай көмек көрсетіледі? 

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Қайғылы оқиға дәл осы металлургиялық комбинаттың аумағында болған. Қаза болған 4 азамат та өндірістік пештерді жөндеумен айналысатын кәнігі мамандар екен. Марқұмдардың ересегі 60-қа таяп қалса, ең жасы 30-дан енді ғана асқан.

Мезгілсіз мерт болған жігіттің бірі Жәнібек Әбдірәсілов. Оның осы жұмысқа тұрғанына әлі бір ай да толмаған. Марқұмның артында аяулы жары, үш баласы қалды. Ең кенжесі небәрі 1,5 жаста екен. Қара жамылған отбасына кеше компания басшылары келіп, барынша көмек беретіндерін мәлімдеген.

Бейсен Есболов, марқұмның туысы:

- Бұл баланың әкесі бар, шешесі жоқ. Жалғыз ұл. Жалғыз қарындасы бар. Семьясы, үш баласы бар. Біздер кеше енді талаптарымызды айттық. Ипотекасын жауып берсе дедік. Келешекте балаларына үш комнаталы жеке үй алып берсе дедік. Сосын жаңағы өздерінің 5 пункті бар екен. 18 жасқа толғанша орташа жалақы төленеді деді. Енді жәрдем береміз деп отыр ғой.

Бүгін оқиға орнында комиссия мүшелері куәгерлерден жауап алып жатыр. Оның құрамында еңбек инспекциясының, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының, өндірістік қауіпсіздік департаментінің және қала әкімшілігінің өкілдері бар. Сондай-ақ кәсіподақ комитетінің төрағасы мен компанияның бас директоры да еніп отыр.

Ирина Любарская, Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

- Комиссия құрамына сонымен қатар тәуелсіз сарапшылар тартылып отыр. Қазір олар құлаған нысан мен жұмысшылар бұзған ескі пешті зерттеп жатыр. Соның нәтижесі бойынша үш бірдей тәуелсіз мекеме өз қорытындыларын шығаратын болады. 

Комиссия жұмысы 10 күн ішінде аяқталуы тиіс. Қазір бұл қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Айта кетейік, бұл компанияға қарасты кәсіпорындарда болған алғашқы апат емес. Жыл басынан бері 6 адам зардап шегіп, екеуі қаза тапқан.

Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар