loader


Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандарының халқын жол азабы шаршатты

Батыс Қазақстан облысында құрылысы кестеден кешіккен күре жол келесі жылы тапсырылады. Облыс орталығын оңтүстік-батыс аудандармен және Ресей шекарасымен байланыстыратын трасса былтыр бітуі тиіс еді. Мемлекет басшысының сынынан кейін ғана құрылыс ширай бастады.

Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандарының тұрғындарын жол азабы қажытып бітті. Басқасы басқа, республикалық маңызы бар жол жауын-шашын күндері ми батпаққа айналады. Көліктер батып, жолаушылар айдалада қалып қойған кездер жиі болады.

Бекбол Кенжеғалиев, Нұрсай ауылының тұрғыны:

- Мүлде болмаған бұрын-соңды жол. Көктемде мына жерде машиналар жатады. Енді ауыл болғасын жолдың жанындағы, қазақпыз, бірімізді біріміз алып келеміз, қондырамыз. Сәбилер болады ішінде.

Төрт жыл бұрын оңтүстік-батыс аудандарға жол салынатынын естігенде тұрғындар бөркін аспанға лақтырып, балаша қуанған. Алайда құрылыс сағызша созылып кетерін күтпеді. Былтыр толықтай аяқталуы тиіс жұмыстар жартысына да жетпей қойды. Жолдың ұзындығы 248 шақырым. Үш жыл ішінде небәрі 55 шақырымы ғана жаңартылған. Мамандар құрылыстың өгізаяңдыққа салыну себебін пандемиямен және материалдардың қымбаттауымен байланыстырып отыр. Президент аймақтағы жол жағдайын саралап, ведомствоны сынның астына алды. Салада кадрлық ауыс-түйіс те болды. Үкімет жобаға қосымша қаражат бөліп, жұмысты бақылауға алды.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Мен қазір күре жолдың алғашқы учаскесінде тұрмын. Ұзындығы 53 шақырым. Соның 20 шақырымы асфальтталған екен. Енді жылдың соңына дейін 27 шақырымы жөнделмек. Ал қалғаны келер жылдың еншісінде дейді мамандар.

Николай Кандополо, мердігер компания бас директорының орынбасары:

- Қазір асфальт-бетон жамылғысының астыңғы қабаты төселіп жатыр. Ал бұдан бір шақырым жерде қосымша қабатын төсеу басталып кетті. Сонымен қатар көпірлер құрылысы, су құбырларын орнату жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс аумағына 73 техника жұмылдырылды. Жұмысшылар екі ауысымда еңбек етіп жүр.

Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мердігер компаниялар қаржылық қиындыққа тап болған. Ал енді бірі қосалқы мердігер мен жеке кәсіпкерлерге берешегін төлемей, дау туындады. Ақыр аяғында тапсырыс беруші мен «Теміржол жөндеу» компаниясы арасында бір учаске бойынша келісім-шарт бұзылды. Енді жаңа тендер ойнатылмақ. Биыл аймаққа республикалық жолдардың құрылысына 15 млрд теңге бөлінген. Құрылыс маусымы қайта басталғалы бері күре жолдың асфальтталған бөлігі 80 шақырымға жетті.

Қазбек Мәмбетов, "Қазавтожол" ҰК" АҚ БҚО филиалының директоры:

- 105 км негізгі төменгі қабаты и 80 км жоғарғы қабатын бітірді. Шамамен 700 адам жұмыс істеп жатыр осы жерде. 500-ге жуық техника бар. 2020 жылы 2 млрд, 2021-де 9 млрд, сосын 2022 басында 10 млрд бөліп, қазір енді Үкіметтің қолдауымен қосымша тағы да 5 млрд бөлініп, 15 млрд дейін жеткізіп отыр. Бұл екі бағытқа жалпы бөлініп жатқан ақшаны айтып отырмын. 

- Производственный график дейміз ғой, сол бойынша жұмыстардың бәрі атқарылып жатыр.

Өңірде жол құрылысы материалдары көрші облыстар мен Ресейден тасымалданады. «Жолдың қашықтығына байланысты жүкті жеткізуде біраз қиындық бар» дейді мамандар.

Қазбек Мәмбетов, "Қазавтожол" ҰК" АҚ БҚО филиалының директоры:

- Құрылыс материалдарымен, иә, қиындық бар. Өйткені құрылыс материалдарын Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданынан алып келеді. Барлығын емес, тек үйінді мен қиыршықтас. 544 мың тонна бізге қажет биылғы жылға. Соның екі жолы бар Ақтөбеден алып келетін. Біреуі Атырау облысынан айналып, РФ шығып, 1340 шақырым аралықта. Сол жері қиындау аздап. Екінші жолы Орал арқылы келіп, Пойма станциясына түсіріледі. Тиімдісі Сайхин мен Жәнібек ғой. Бірақ жол ұзақ. Сосын РФ-мен өтеді. Биыл 8 мыңға жуық вагон керек. Соның мың жарым вагонын уже алып келді. 

Жобаның жалпы құны 57 млрд теңгеге жуықтайды. Жылдың соңына дейін асфальтталған жолдың үлесін 174 шақырымға дейін жеткізу жоспарланған. Ал қалғаны келесі жылдың күзінде толық аяқталуы тиіс. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов

Сондай-ақ...