Ақмола облысында зығыр қалдығынан биоотын өндіріледі

Ақмола облысында енді зығыр сабанынан биоотын өндіріледі. Көкшетау қаласының іргесіндегі Чаглинка бекетінен аталған зауыттың іргетасы қаланды. Мұндай инновациялық жоба Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылады. Нысанның құрылысына жеке компания 5 млрд теңге қаражат жұмсайды.

Зауыт іргетасының қалануы осындай салтанатты жағдайда өтуі тегін емес. Себебі оның елімізде теңдесі жоқ. Өндіріс ошағының жобалық қуаттылығы – жылына 70 мың тоннаға дейін сұйық отын өндіру. Ал өндірілген өнімнің күші қатты отындардан кем болмайды, дейді мамандар.

Мұрат Шылымов, жоба менеджері:

- Қуаттылығы соншама, жаққанда биоотын дейміз, соның қуаттылығы көмір және ағашпен бірдей боп тұрады. Бірақ соның өзінде көмірқышқыл газ бөлуі аз. Почти ноль деп айтуға болады. Соңғы уақытта қарап отырсаңыз, соңғы жағдайларда әсіресе Еуропада газ азайып қалған. Соларға топливо керек, отын керек. сондықтан біздің өнімді алса, бұл экологиялық таза өнім болады.

Иә, өнімнің бәрі экспортқа бағытталмақ. Қазірдің өзінде Германия, Дания және Англия елдерімен алдын ала келісім-шарт жасалып қойған. Енді Жапония да қызығушылық танытып отыр, дейді жобаның басы-қасында жүргендер.

Айта кету керек, аталған зауытта заманауи неміс технологиясы қолданылады.

Аягөз Әбдірахманова, жоба жетекшісі:

- Зауытты биылғы жылдың қараша айында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ал шикізатпен ешқандай проблема болмайды деп ойлаймын. Себебі елімізде жыл сайын 2 млн тонна зығыр сабаны егістік даласында қалады.

Йоахим Берманн, компанияның шетелдік серіктесі:

- Бұл жоба ешкімге керексіз боп жатқан шикізатты өте құнды өнімге айналдыруға болатындығының айқын дәлелі. Мұнда тек зығыр сабанын ғана емес, барлық биомассаны терең өңдеуге мүмкіндік бар. Зауыт 12 айдың ішінде өзінің жобалық қуаттылығына шығады.

Жалпы жыл басынан бері Ақмола облысының экономикасына 180 млрд теңгеден астам инвестиция тартылыпты. Ал оның 67 проценті осындай жеке компаниялардың үлесі. 

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко