Ақтауда жыл басынан бері 8600 сәби дүниеге келді

Маңғыстауда 5 айда 8 мың 600 сәби дүниеге келді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5% көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақ туу көрсеткіші бойынша елімізде алдыңғы орында тұр. Биыл облыстық перзентханада ұлттық үлгідегі босану бөлмесі ашылды.

Талғат Исламұлы, тілші:

Қазақы нақыштағы босану бөлмесі биыл ұлыстың ұлы күні ашылған. Содан бері 100-ге жуық сәби өмірге келіпті. Төбесіндегі шаңырақ, арқан жіп, мынау тұрған бақан барлығы да залалсыздандырылған.

Ұлттық стильде жабдықталған палатада Айман апайдың келіні жатыр. Отбасы алғашқы перзентті 5 жыл күткен. Перзентханаға алғаш келгенде киіз үйге арналған бұйымдарды көріп, таңданысын жасыра алмаған. Құрсақтағы сәбидің де, анасының да жағдайы жақсы.

Айман Арқанова, қала тұрғыны:

Келіннің бірінші перзенті. Аманшылық болса, ұл бала дүниеге келеді деп отырмыз. Басқа қалаларда да осындай бөлмелер перзентханада ашыла берсін.  

250 орынға есептелген перзентханада қазір бос палата жоқтың қасы. Жүкті әйелдердің жағдайын 57 дәрігер, 300-ден астам орта және кіші медицина қызметкерлері бақылайды.

Дария Көшкінова, облыстық перинаталдық орталық директорының орынбасары:

– 5 айдың ішінде 8 мың 5353 сәби дүниеге келді. Туған егіздердің саны облыс бойынша 97, үшем біреу болды. Әйелдерге айтар кеңесім, жүктілікке жете дайындалғаныңыз жөн.

2020 жылы Қазақстанда 425 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Бұл рекордтық көрсеткіш былтыр 450 мың 652-ге өзгерді. Биыл да жаңаруы мүмкін. Ресми деректерге сенсек, 2022 жылдың алғашқы 3 айында 447 мыңдай нәресте жарық дүние есігін ашқан.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев