Ақмола облысында жағажайлар демалыс маусымына дайын ба?

Ақмола облысында өзен-көлдердің жағажайы тексеріліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары олардың шомылу маусымына дайындығын байқап, талаптарға сәйкес келсе ғана халыққа қызмет көрсетуіне рұқсат береді. Әзірге 85 жағажайдың 78-і тексерістен өткен. Қалғандарына су айдынының тым тереңдігіне немесе жағалауының қауіптілігіне байланысты рұқсат берілмеген.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Көкшетау – шаһар ішінде көлі бар Қазақстандағы жалғыз қала. Мына жатқан Қопа көлінің жаз болса бітті жағажайы кісіге толады. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін барлығы осы жерде. Сондықтан оның қауіпсіздігін сақтау маңызды.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін алдымен жағажай адамға жайлы болу керек. Су айдынына дейінгі аралық ешқандай кедергісіз тегіс келуі тиіс. Кісі демалатын жағалаудың ені ең аз дегенде 2, ал ұзындығы 200 метрден кем болмауы тиіс. Құтқарушылардың айтуынша, Қопа көлінің маңайы аталған талаптарға сай.

Дәулет Шамиғанов, облыстық ТЖД Жедел құтқару қызметінің басшысы:

- Ұзындығы 1 км бұл жер. Биылғы жылы біз бұны тексердік. Бұған рұқсат қағаздарын бердік. Мұнда біздің азаматтар рейдтік шаралар жасап жүреді және полиция жүреді. Алты қоғамдық құтқарушылар бар. Оларды біз үйреттік. Олар да биыл енді жұмыс істейді.

Алайда көл маңында тазалық жоқ. Өсіп кеткен қамыстан бастап, тұрмыстық қалдықтарға дейін шашылып жатады. Тіпті судың түбінен де күл-қоқыс шығады, дейді құтқарушылар. Әсіресе түрлі сусындардың бөтелкелері көп. Су айдынын тексерген сүңгуір оны шамасы келгенше тазалайды.

Қайрат Қасым, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Су айдындарына балық аулайтын тор қойып кеткен жағдайлар да кездеседі. Кейде тіпті көл түбінен түрлі темір-терсек пен мангал да шығып жатады. Табиғатты қорғау полицейлерімен бірге ондай деректерді тіркейміз. Бірақ, өкінішке орай, оны кімнің істегенін табу мүмкін емес. Ал маңайдың тазалығына меншік иесі жауапты. Коммуналдық жағажай болса, жергілікті әкімдік, ал, жекеменшік аумақ болса, көлді жалға алып отырған кәсіпкер жауап береді.

Қопа көлінің лас екенін экологтар жыл сайын айтып жүр. Зерттеулеріне қарағанда судың құрамындағы азот аммониі, темір және марганец секілді химиялық заттардың көлемі шамадан тыс екендігі байқалған. Жергілікті тұрғындар да аталған су айдынына жиіркене қарайды.

Жандос Ысқақов, қала тұрғыны:

- Бұл жағажай демалуға мүлдем жарамсыз. Құмның арасында шыны көп. Баланы жалаяқ жіберу мүмкін емес. Суы да шомылуға келмейді. Өте лас. Өзіңізші қараңызшы, қамыс өсіп кеткен, күл-қоқысқа толы. Оған қалай түсуге болады? 

Көлдің тазалығын қалалық әкімдіктен сұрадық. Айтуларынша, Көкшетауда коммуналдық жағажай деген атымен жоқ екен. Барлығы жекеге берілген.

Жанна Әбдірахманова, қала әкімінің кеңесшісі:

- Лас екенін білеміз. Әрдайым сенбіліктер өткізген кезде сол жерлерге біздің коммуналдық мекемелер шығады. Жастар әрдайым экологиялық акциялар өткізеді, жағажайды жинау бойынша. Бірақ, біздің тұрғындарға да айта кетерім, өздерінің артынан кішкене жинап, өз өзіңнен баста дейді ғой тазалықты.

Жергілікті билік өкілі, жағажайды иеленіп отырған кей кәсіпкерлердің тазалыққа салғырт қарайтынын жасырмады. Бірақ оларға ескерту беруден ары аса алмаймыз, дейді. Ал көлдің суын қоқыс пен қамыстан тазарту бойынша тиісті құжаттар әзірленіп жатыр. Алдын ала болжамға оған шамамен 12 млрд теңге қаражат қажет болуы мүмкін. Бұл туралы аймаққа жұмыс сапарымен келген Экология министрі айтқан болатын.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Әкімдіктер жобалық-сметалық құжаттамаларды осы жылдың аяғына дейін бітіріп берсе, онда келесі жылдан бастап сол құрылыс жұмыстарын бастаймыз, деп енді жоспарлап жатырмыз. Негізі мына ПСД-ға кететін ақша 245 млн теңге қаражат керек болып жатыр. Қазір техника-экономикалық негіздемені корректировка жасау үшін шамамен 25 млн әкімдіктен бөлінді. Сол қаражатқа қазір ТО-ға өзгерістер енгізіп жатыр.

Естеріңізде болса, Қопа көлінің ластанып кеткені жайлы біздің арнадан бұған дейін де бірнеше рет көрсетілді. Ал жергілікті билік өкілдерінің, «көлді тазалаймыз» деп жүргеніне биыл 10 жылдан асты. Алайда іргеде тұрған соң тұрғындар жаздыгүні амалсыздан осы көлді жағалауға мәжбүр.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Бірақ бәрін айт та, бірін айт, адамның қауіпсіздігіне ең алдымен оның өзі жауапты екені даусыз. Көл қанша жерден маңайы абаттандырылып, суы тазартылып, жағажайға қос-қостан құтқарушы қойылса да, қарапайым қауіпсіздік ережелерін ескермесек, арты қайғыға ұласуы әбден мүмкін. Сондықтан жазда суға шомылмас бұрын ол жердегі жағдайлардың барлығын жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізіп алғаныңыз абзал. 

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный